АҚШ мемлекеттік хатшысы болған Рекс Тиллерсонның қызметінен босатылуының басты себебі – Солтүстік Корея мәселесін шешуде АҚШ президенті Дональд Трамппен өзара кикілжіңдер. Бұл туралы Reuters ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Атап айтқанда, Тиллерсон Пхеньянмен диалогқа келуді талап еткен, ал сол сәттерде АҚШ президенті Солтүстік Кореяға шекті түрде қысым көрсетуін жалғастыра берген. Сол себептен, АҚШ президенті мемлекеттік хатшы КХДР-ға жол береді деп қауіптенген. “АҚШ президентінің нақты сенетін біреуі болу керек” деп келтіреді агенттік америкалық лауазымды шенеуніктердің бірінің сөзін.
Еске салсақ, сейсенбіде Дональд Трамп мемлекеттік хатшы лауазымын атқарған Рекс Тиллерсонның қызметінен босатылғанын хабарлады. АҚШ президенті Тиллерсонның қызметінен кету себебін ұстанымдарының әрқилылығымен байланыстырып, қызметінен кету туралы мәселені өзімен бұрыннан бері талқылап келе жатқанын мәлімдеді. Тиллерсоннан іле-шала Трамп оның орынбасары Стив Гольдштейнді де қызметінен шеттетті. Гольдштейн БАҚ өкілдеріне Тиллерсон өзінің қызметінен босатылғанын Трамптың Twitter-дегі шағын блогынан бірақ білгенін айтқан болатын.Дегенмен, Ақ үй Гольдштейннің айтқан сыни ескертулері оның қызметінен кетуіне түрткі болғанын растамады.