Украина Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын тәрк етпек

0
188
ашық дереккөздерден

Украинада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) ұйымынан шығу процесі қарастырылуда.

Ресейлік Интерфакс агенттігінің Украиналық депутат Светлана Залищукқа сүйене отырып таратқан ақпарына сенсек, Украинаның Сыртқы істер министрлігі ТМД органдарынан шығуды және Ресеймен арадағы әріптестік келісімінің күшін жоюды көздейді.

Залищуктың айтуынша, Украинаның Сыртқы істер министрі Павел Климкин және оның ведомствосы президент әкімшілігіне ТМД органдарынан шығуды және Ресей мен Украина арасында ратификацияланған достық, серіктестік және әріптестік келісімінен бас тартуды талап ететін ұсыныстар әзірлеуде. Климкин бұл туралы Украина парламентінің халықаралық қатынастар комитетіне мүше депутаттармен өткен кездесуде мәлімдеген.

Залищук соңғы шешімді Украина президенті Петр Порошенконың қабылдайтынын айтады.

Ал ТМД-ның атқарушы комитетінің баспасөз қызметі болса, Киевтен одақтан шығу турасында ешқандай ұсыныс келмегенін білдіреді.


Қазіргі таңда Украина – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мүшесі. Алайда Киев бұл халықаралық ұйымның жарлықтарын әлі де ратификацияламаған.

Ресей мен Украина арасындағы достық, серіктестік және әріптестік келісіміне 1997 жылдың 31 мамырында қол қойылған. Аталған құжат ратификацияланғаннан кейін ғана 1999 жылдың 1 сәуірінен бастап өз күшіне енген. Он жылдық мерзім өткенде тараптардың келісімді бұзуға ыңғай танытпауына байланысты, құжат автоматты түрде келер он жылдыққа үкімдерін жалғастырған. Киев пен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас Шығыс Украинадағы азаматтық соғыс пен Қырымның аннексияға ұшырауынан кейін шиеленісе түскен еді.

Осыған дейін ТМД-дан шығуға ниет білдіріп, одақ органдарымен байланысын үзген бір ел бар: ол – Грузия. Тбилиси 2008 жылы Ресей шекарасына жақын аймақтарда болған қарулы қақтығыстардан кейін Мәскеумен арадағы байланысты үзуге бел буған еді. Мәскеу Абхазия мен Осетия өңірлерінің тәуелсіздігін мойындап, Тбилисидің егемендігіне шүбә келтірген. Бірақ ТМД-ға мүше басқа елдер аталмыш автоном аймақтарға қатысты Мәскеудің ұстанымын қолдамады. ТМД-ға соңынан қосылып, бірінші болып шығып кеткен Грузия одаққа қайтпақ ниетінің жоқ екенін осыған дейін бірнеше мәрте мәлім етті.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз