125 мың рохинджалық мұсылман Мьянмадан Бангладешке бас сауғалауға мәжбүр болды

0
45

125 мың рохинджалық 25 тамызда Мьянманың солтүстігінде Ракхайн штатында басталған зорлық-зомбылықтан кейін Бангладеште бау сауғалауға мәжбүр болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) таратқан ақпаратта олардың бәрі көмекке және халықаралық қорғауға мұқтаж екені айтылды. БҰҰ босқындар ісі жөніндегі бюросы (БҰҰ БЖКБ) қаржы донорларына Мьянмалық босқындарға көмек көрсету үшін 18 миллион АҚШ долларын бөлу туралы өтініш жасады. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутеррес Мьянмадағы зорлық-зомбылықты тоқтату туралы өтінішпен Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына хат жолдады.

Бас хатшы қазіргі жағдайда зорлық-зомбылықтың түпкі себептерін олардың барлық күрделілігіне қарай шешу, барлық рохинджалық мұсылмандарға азаматтық беру немесе олардың құқықтық мәртебесін анықтау, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтау саласында  негізгі мұқтаждықтарын шешуге мүмкіндік беру өте маңызды екенін атап өтті.

Күн сайын Бангладештің оңтүстік-шығысына босқан және әлсіреген мыңдаған адам келіп жатыр. Босқындардың кейбірі Бангладешке барар жолда көз жұмып жатқаны туралы да ақпарлар бар. БҰҰ-ның қызметкерлері оларға киім, қорғаныш пленкаларын және т.б. негізгі қажеттіліктерді жеткізіп үлгерді. Ал келіп жеткендері босқындар лагеріне орналастырылады. Мьянмадан келген босқындардың басым көпшілігі Бангладештің оңтүстік-батысында орналасқан Кутупалонг және Найпара лагерлеріне орналастырылды. Бірақ қазіргі уақытта бұл лагерлер толық.

Еске салсақ, 25 тамыз күні Ракхайн штатында жауынгерлік топтар 26 полиция бөлімшесіне және әскери базаға шабуыл жасаған. Аталған шабуылдар нәтижесінде Мьянманың қауіпсіздік күштерінің 59 қызметкері және 12 жауынгері қаза тапты. Жауап ретінде үкімет бұл жағдайға байланысты қауіпсіздік операциясын жүргізді. БҰҰ-на осы операцияларды жүргізу барысында адам құқығының өрескел бұзылғаны туралы ақпар келіп түскен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз