Астанада тұңғыш рет Ислам Ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтеді

0
77

10-11 қыркүйекте Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен тұңғыш рет ғылым және технология бойынша Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтеді.

Саммитке ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің шамамен 80 делегациясы, бақылаушы мемлекеттер және халықаралық әрі өңірлік ұйымдар қатысады деп күтілуде деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Ғылым және технология бойынша ИЫҰ Саммитін өткізу идеясымен Президент Н.Назарбаев 2016 жылы ұйымның Стамбұлда өткен саммитінде бөліскен болатын. Форум ИЫҰ-ның ғылыми, технологиялық, инновациялық және жаңғырту саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде озық әлемдік тәжірибені белсенді түрде тартуға бағытталған. Қазақстан басшысының бастамасы ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

Саммит «Ислам әлеміндегі ғылым, технология, инновация және жаңғырту» бастамасымен өтеді және «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің жабылуына орайластырылады. Форум «Ғылымның XXI ғасырдағы қоғам өміріне әсері», «Тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі ғылым мен технологияның рөлі», «Қазіргі экономикадағы бәсекелестік және инновациялар» және «Ғылым мен техникадағы ынтымақтастықты дамыту» тақырыбын қамтитын төрт жұмыс сессиясында өткізіледі. Саммиттің қорытынды құжаты Исламдық Үмметте ғылыми және технологиялық жаңғыртуға саяси қолдау көрсетуді көздейтін Астана декларациясы болмақ. Саммиттің аясында ғылым мен технология бойынша ИЫҰ-ның марапаттау рәсімі өтеді.

1969 жылы құрылған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) 1,5 миллиардтан астам халқы бар 57 мүше мемлекеттерді біріктіреді. ИЫҰ-да бақылаушы мәртебісіне бес мемлекет және бес халықаралық ұйым ие.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз