ЕҚЫҰ тұрақты кеңесінен Қазақстанға жоғары баға

0
98

Аустрия астанасы Венада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) тұрақты кеңесінің кезекті отырысында 2017 жылы ұйымның экономика және экология комитетіне төрағалық еткен Қазақстан делегациясының жұмысы жоғары бағаланды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталығы хабарлайды.

19 қазан күні өткен ұйымның кезекті отырысының күн тәртібінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Кристин Муттонен, Еуразия экономикалық комиссиясының (ЕЭК) төрағасы Тигран Саргсян және ЕҚЫҰ қауіпсіздік, экономика және экология, адами өлшем жөніндегі комитет төрағаларының баяндамалары қарастырылды.

“Назарбаев – Еуразиялық интеграцияның іргесін қалаушы”

 ЕЭК төрағасы Саргсян ЕҚЫҰ тұрақты кеңесі мүшелерінің алдында жасаған баяндамасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграцияның іргесін қалағанын атап өтті. Комиссия төрағасы қатысушыларға Еуразия Экономикалық Одағының (ЕЭО) қызметімен басымдықтары туралы жан-жақты ақпарат ұсынып, осы күнге дейін ұйым шеңберінде жүзеге асырылған жұмыстармен таныстырды. Саргсян ұйымның Жібек Жолы экономикалық белдеуімен арадағы ынтымақтастығын атап өтіп, екі жобаның сауда-экономикалық қатынастарда бір-бірін толықтырғанын жеткізді. Сонымен бірге, баяндамасында комиссияның қазіргі кездегі біріккен энергетика және қаржы нарығын құру мақсатындағы жұмысына назар аударып, ЕуроОдақ елдерімен аталған салада ынтымақтастық орнатуға шақырды. Т.Саргсян ЕЭО-ның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

К.Муттонен өз баяндамасында ЕҚЫҰ ПА жұмысы туралы мәлімет берді. Ассамблея төрайымы ассамблеяның кезекті отырыстарының өткізілуіне қолғабыс болған Беларусь пен Андорра тараптарына алғыс білдіріп, Парламенттік Ассамблеяның ЕҚЫҰ үш өлшемі бойынша да жұмысын жалғастыратынын баяндады.

“Қазақстан ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясына деген ықыласын көрсетті”

Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай Қазақ елінің ЕЭО-дағы басымдықтары атап өтіп, ұйымға 2016 жылғы төрағалық еткен кезінде «Экономикалық дипломатия» мәселелеріне ерекше мән бергенін мәлімдеді. Сонымен қатар, жуырда Сочиде өткен Жоғары Еуразия Экономикалық Кеңесі барысында Елбасының ЕЭО шеңберінде «цифрлық форматқа» көшуді ұсынғанына назар аударып, аталған мәселе бойынша ЕҚЫҰ менЕЭО арасында синергия орнатудың маңыздылығына тоқталды.

ЕҚЫҰ ПА төрайымы К.Муттоненнің жұмысын жоғары бағалаған Сарыбай төрайымның маусым айында ЭКСПО көрмесінде ЕҚЫҰ стендінің ашылуына қатысқаны, Астанада өткен ЕҚЫҰ экономика және экологиялық форумының екінші жиналысында баяндама жасағаны, тамыз айында «Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл» тақырыбына арналған Пагуош конференциясына қатысқанына алғысы білдірді және Муттоненнің Қазақстанға жасаған іс-сапарларының нәтижелі болғанына назар аударды.

Соған қоса, Астанада Парламенттің қос қанаты Сенат және Мәжіліс төрағалары, сыртқы істер министрі мен бірқатар үкімет өкілдерімен жоғары деңгейде кездесулердің ұйымдастырылуы Қазақстанның ЕҚЫҰ ПА-ға деген ықыласын көрсететінін мәлімдеді.

Елші Сарыбай биыл ЕҚЫҰ экономика және экология комитетіне төрағалық еткен Қазақстан Республикасының 10 ай бойы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Комитетке төрағалық еткен кезеңде транспорт, көші-қон, тиісті басқару, сыбайлас жемқорлықпен күрес, инвестициялық климат, сауда, өзара байланыс, жаңармалы энергетика, тұрақты даму іспеттес мәселелер көтерілгенін және нәтижесінде ЕҚЫҰ министрлер кеңесінің қарауына экономика және қоршаған орта бойынша шешім жобалары енгізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ЭКСПО инфрақұрылымы негізінде Астанада құрылатын «Болашақ энергия» жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының жұмысына ЕҚЫҰ мардымды үлес қоса алатынын атап өтті.

Қазақстан делегациясының комитеттегі жұмысына Еуропа Одағы, АҚШ, Әзербайжан, Ватикан, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Украина делегациялары жоғары баға берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз