Қазақстанда криптовалютамен есеп айырысуға тыйым салынуы мүмкін

0
83

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк басқармасының төрағасы Данияр Ақышев үкіметке криптовалюта түрінде есеп айырысуға тыйым салуды көздейтін бұл валюта түріне қатысты бірқатар ұсыныс жіберілгенін мәлімдеді.

Kapital.kz сайты тілшісінің цифрлық валютаға қатысты сұрағына берген жауабында Ұлттық банк төрағасы криптовалюта туралы көзқарасының өзгермегенін және өзгермейтінін айтты. Криптовалютаның не екенін білмейтінін және кәсіби тұрғыдан түсінбейтінін мойындаған Ақышев:

«Бұл құрал ештеңемен кепілдендірілмеген. Оның құны тек алып-сату операцияларына негізделген. Сондықтан криптавалюта инвестициялауды қалайтын кісілердің активтерін сақтау жауапкершілігін ешкім алмайды. Егер бұл жағдай әрі қарай жалғасатын болса, оған инвестиция салғандардың күйі не болмақ? Олар ертең мемлекетке «неге уақытында ескерпедіңдер?!» деп айтуы мүмкін. Сондықтан қазірден мұндай операциялар қауіпті екенін ескертемін»

— деп пікір білдірді.

Бұл тұрғыда үкіметке өзіндік ұсынысын жібергенін айтқан Ақышев криптовалюта саудасында теңгемен есеп айырысуға тыйым салынуын талап еткенін атап өтті. Криптовалютаның жөнді эмитенті, бірыңғай орталықтандырылған органы болмауына байланысты цифрлық валютаны түрлендірумен айналысатын компаниялардың кәсібіне де тыйым салыну керегін айтты.

«Криптовалюталардың басқа да бағыттары бар. Мұны қарастырып жатырмыз – қазір бірқатар елдер, тіпті орталық банкілер, өзіндік криптовалютасын шығару мүмкіндігін зерттеуде. Бірақ бұл жағдайда көбіне (криптовалютаның) сол елдерде бар төлем құралдарының баламасы немесе суррогаты болатын орталықтандырылған құрал ғана. Алайда әзірге әлемде бұл бағытта іске асқан тәжірибе көрген жоқпыз, сол себепті әрі де қарқынды түрде зерттейміз»

, — деді бас банкінің төрағасы. 

Қорытынды сөзінде ол операцияларда алып-сату тәуекелінің (спекулятивный риск) болуына байланысты жеке тұлғалар үшін криптовалютаның шектелуі керек екенін айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз