31 қаңтарда Лондон уақытымен түнгі 23:00-де Ұлыбритания ресми түрде Еуроодақтан шықты. Үш жылдан астам уақыт бұрын тұрғындардың басым бөлігі дауыс берген Брекзит шындыққа айналды.
Ұлыбритания Еуроодаққа 1973 жылы қосылған, ол одақтан шыққан алғашқы ел атанды. Қазір бұл одаққа 28 емес – 27 мемлекет мүше.
Ұлыбританияда одақтан шығу мәселесіне байланысты қоғамдық пікір екіге жарылған. Лондон мен өзге қалаларда одақтан шығуды қолдағандар жұма күні қуанып, қарсы болғандардың көңілі құлазыды.
Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон жұма күнді “жаңа кезеңнің басталуы” деп атап, ұлтты біріктіруге уәде етті. Ұлыбританияның одақтан шығуы көптеген даулы мәселелерге нүкте қояды деді.
Еуроодақ жетекшілері жұма күні Ұлыбританиямен “әріптес, одақтас ел” ретінде ынтымақтастық орнатуға тырысатынын айтты. Франция президенті Эммануэль Макрон 31 қаңтарды “көңілсіз күн” деп атап, Еуроодақ Брекзиттен сабақ алып, бірлікті сақтау үшін реформа жүргізуі қажет деді. Ұлыбританияның одақтан шыққанын жаратпаған бұрынғы премьер-министрлер Дэвид Кэмерон мен Тони Блэр енді бұл мәселені қайта-қайта қазбаламай болашақты ойлау керек деді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Брекзитті британдықтардың өз бетінше шешім қабылдай алатындығының көрінісі деп атап, оларға сәттілік тіледі.
Британ парламенті Еуроодақпен келісімді мақұлдаудан бас тартқандықтан Брекзиттің мерзімі үш рет шегерілді. Өткен жылы премьер-министр болып сайланған Борис Джонсон Еуроодақпен жаңа келісім жасасты, ізінше кезектен тыс парламент сайлауы болып, онда жеңіске жетті.
Енді одақтан шығудың аралық кезең басталды. Ол 2020 жылы 31 желтоқсанға дейін созылады. Осы уақыт аралығында Ұлыбритания мен Еуроодақ арасында жаңа сауда келісімі жасалуы тиіс.