Ресей аннексиясын айыптаған резолюцияға дауыс беруде Қазақстан қалыс қалды

0
158
Резолюцияға дауыс беру. Photo: BBC

БҰҰ Бас ассамблеясы шұғыл сессиясы кезінде Ресейдің Украинаның төрт облысы: Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын аннексиялауға талпынысын айыптаған резолюцияны қабылдады. Резолюцияға дауыс беруде Қазақстан қалыс қалды. 

Резолюцияны БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 143-і қолдап дауыс берді. Резолюцияға бес мемлекет, атап айтқанда Ресей, Сирия, Беларусь, Солтүстік Корея, Никарагуа қарсы болды.

Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптайтын резолюцияға қарсы болған Эритрея да бұл жолы қалыс қалған.

Резолюцияны Еуропаның барлық елдері, Латын Америка, Африка, Азияның басым бөлігі қолдады. 35 мемлекет, оның ішінде Армения, Қазақстан, ТМД-ның өзге елдері және Қытай, ОАР қалыс қалды.

Әзербайжан мен Үндістан сияқты кейбір елдер дауыс беруден бас тартты. Ресеймен жақсы қарым-қатынасын сақтап қалған Аргентина, Бразилия, Сербия, Сауд Арабиясы, БАӘ “Украинаның территориялық тұтастығы. БҰҰ жарғысының принциптерін қорғау” атты жобаны қолдады.

Осыған дейін мұндай резолюцияны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресей ветосынан кейін кері қайтаруға мәжбүр болған. Сол себепті жоба БҰҰ арнайы сессиясында қаралды. Бұған дейін Ресей жасырын дауыс беру туралы өтініш бергенмен өтініші орындалмаған.

Резолюция 23-27 қыркүйекте Украинаның Ресей бақылауындағы төрт облысында өткен референдумды заңдық күші жоқ, аталған территориялардың статусын өзгертуге негіз бола алмайтын шара деп таныды.

Ресей билігі 2014 жылы Қырымды аннексиялағаны тәрізді Украинаның төрт облысын (кейбір бөлігі Украина бақылауында) Ресейдің бір бөлігі деп жариялаған.

26 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинаның сепаратистік “ДХР” мен “ЛХР” облыстары мен Ресей басып алған тағы басқа аймақтардағы сепаратистік құрылымдардың “Ресейге қосылу туралы” референдумы жөнінде пікір білдіріп, “Қазақстан бұл мәселеге мемлекеттің аумақтық тұтастығы тұрғысынан қарайтынын” мәлімдеген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз