Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға еш қатысы жоқ – АҚШ елшісі

0
54

Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Бұл туралы Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2 ақпан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарының қорытындысына орай масс-медиа өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

Қазақстандықтарды алаңдатып отырған Ресейге қатысты алынатын санкциялар мәселесі жайында Крол:

«Әрине, Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Толықтай алғанда бұл саясат Қазақстанға қарсы бағытталмаған. Мен Сіздерге бұл санкцияның Қазақстан экономикасына ықпалы бар екендігін айта аламын және Қазақстан тарапы бұған айрықша алаңдаулы. Біз бұл мәселеде қазақстандық серіктестермен кеңесуге уағдаластық», – деді.

Конгресс қабылдаған заңнамалар бойынша қазақстандық серіктестермен қалай әрекет ету керектігі жайлы кеңесетінін жеткізген АҚШ елшісі Вашингтонның бұл санкциялардың Қазақстанға, елдегі бизнеске теріс әсер етпей айналып өтуі үшін көңіл бөліп отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Джордж Крол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «АҚШ пен Ресей көптеген халықаралық мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс істеуі тиіс» деген мәлімдемесін Вашингтонда қолдау тапқанын баса айтты.

Айта кетейік, қаңтар айының 17-сінде Ақ үйде АҚШ Президенті Дональд Трамппен екеуара кездесуден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптеген халықаралық мәселені Ресей мен АҚШ-тың бірлесе шешуі керек екенін айтқан еді.

Ерлан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз