СІМ: Оңтүстік Кореядағы өрттен екі қазақстандық көз жұмды

0
155
Өртенген қойма. Инчхон, 29 сәуір 2020 жыл. Photo: Fox News

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында логистикалық қойманың құрылыс алаңында болған өрттен 38 адам қаза тапты, оның екеуі – Қазақстан азаматы. Бұл туралы 30 сәуірде Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлады.

Өрттен көз жұмған тоғыз адамның кім екені әлі анықталып жатыр.

29 сәуірде болған өрттен тағы он адам жараланған. Министрлік өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, қазақстандық дипломаттар жергілікті билікпен байланысып отыр. Ол қайтыс болған екі қазақстандық Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеп жүргенін айтады.

Оңтүстік Корея басылымдарына сілтеме жасаған британиялық BBC сайты өрт жергілікті уақыт бойынша 13.30 шамасында (Алматы уақытымен таңертеңгі 10.30 шамасында) құрылыс жұмыстары кезінде шыққанын хабарлады. Өртті сөндіруге бес сағаттай уақыт кеткен.

ВВС мәлімдеуінше, мерт болғандардың саны өсуі мүмкін. Себебі құрылыс алаңында 78 адам жұмыс істеген. Ал қаза тапқандардың барлығы құрылысшы деген ақпарат бар.

2014 жылы Нұр-Сұлтан мен Сеул виза келісіміне қол қойып, Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берілген. Осыдан кейін жұмыс іздеген қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға кете бастаған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның 35 мың азаматы Оңтүстік Кореяда жүр. Оның 12 мыңы – заңсыз еңбек мигранты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз