Қытай мен Ресей Тынық мұхитында әскери-теңіз патрульдерін жүргізеді

0
68

Қытай армиясы мен Ресей Федерациясының Әскери-теңіз күштері жақын күндері Тынық мұхитының батыс және солтүстік бөлігінде бірлескен патрульдік іс-шаралар өткізеді. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Министрлік сайтындағы мәлімдемеге сәйкес, патруль үшінші тұлғаларға қарсы бағытталмаған және қазіргі халықаралық және аймақтық жағдайға еш қатысы жоқ. Ол Қытай мен Ресей әскерилері арасындағы жыл сайынғы ынтымақтастық жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

АҚШ Ұлттық қорғаныс университетінің мәліметі бойынша, өткен жылы Ресей мен Қытай 20 жылдағы ең көп бірлескен әскери жаттығулар өткізген. Тараптар алты бірлескен оқу-жаттығу ұйымдастырды, оның бесеуі ақпан айында Украинада соғыс басталғаннан кейін өтті.

Ақпарат үшін, ағымдағы жылдың шілде айының басында Қытай қорғаныс министрі Ли Шанфу Бейжіңде Ресей Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы адмирал Николай Евменовпен кездесті. Ли Шаңфу екі жақтың бірлескен күш-жігерімен екі елдің әскерилері арасындағы қарым-қатынастар тереңдеп, нығая түсетінін атап өтті. Ол сондай-ақ барлық деңгейдегі байланыстарды нығайтуға үміт білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 20-23 шілдесінде Жапония теңізінде Ресей-Қытай әскери-теңіз күштерінің «Солтүстік/Өзара ынтымақтастық-2023» бірлескен оқу-жаттығулары өтті. 24 шілдеде Владивосток портына Қытай кемелері кірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз