Ұстаздар күні қарсаңында, Нұр-сұлтан қаласында “Үздік педагог 2019” конкурсының жеңімпаздары марапатталды. “Қазақстан мұғалімі” Ұлттық премиясы мен Даму қоры бекіткен 4 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтың иегері, Нұр-Сұлтан қаласының дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Муаммер Гүл атанды. Муаммер Гүл Дубай қаласында өтетін “Әлем мұғалімі” байқауында Қазақстанның мәртебесін қорғайтын болады.
Муаммер Гүл 1972 жылы 24 қыркүйектe Түркияның Стамбул қаласында дүниеге келген. Стамбул қаласында өсіп, оқуын да осы қалада жалғастырды. Стамбулдағы Мармара университетін бітірген соң, еңбек ету мақсатында Қазақстанға қоныс аударады.
Қазақстандағы еңбек жолын 1994 жылы Ақтөбе қаласындағы дарынды ер балаларға арналған Қазақ-Түрік лицейінен бастады. 2008 жылдан бастап бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы дарында ер балаларға арналған Білім инновация лицейінде еңбек етіп жатыр.
Муаммер Гүл еңбек жолын бастағаннан бері оқушылары ұлағатты ұстаздың үмітін ақтап 824 алтын, 390 күміс, 1199 қола жүлдеге иеленді. Республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиадалардан жалпы саны 2413 медаль иемденіп, олимпиадалық жобаларға 1173, ғылыми олимпиадаға 1224 оқушы дайындаған.
2000 жылы Муаммер Гүлдің 3 шәкірті АҚШ-та өткен бүкіл әлемдік олимпиадада алтын жеңіп алды. Осы жеңістің арқасында ұстаздың есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бүгінде республикалық “UZDIK PEDAGOG 2019” жеңімпазы атанып, “Әлем мұғалімі” байқауына Қазақстанның атынан қатысуға жолдама алды.
“Муаммер Гүлді барлық шәкірттері құрметтейді. Шәкірттерінен уақытын аямайды, күні-түні, сенбі-жексенбі демей оқушыларының барлық мәселесіне көңіл аударуға, оларды барлық дайындыққа жіберуге тырысады. 7-ші сыныпқа келмей жатып, балаларды зерттеп, таңдап алады. Бала оқуға қабылданғаннан кейін 5 жыл бойы әрқайсысымен жұмыс жасап, жақсы нәтиже көрсетеді”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды ер балаларға арналған Білім- инновация лицейінің директоры Эльбрус Пириев.
Білім-инновация лицейі директорының орынбасары Гүльмира Рахимованың айтуынша, Муаммер Гүл адамгершілігі мол, өте қарапайым жан. Қарапайымдылығы соншалық, тіпті, аталмыш сайысқа қатысқысы келмеген көрінеді.
“Муаммер Гүлмен әріптес болғанымды мақтан тұтамын. Бұл кісінің адамгершілігі өте жоғары, өте қарапайым жан. Ол кісі өзінің емес, өзгенің баласын ойлайды. Балаға деген көңіліне тәнтімін. Түн ортасында балаларды әуежайда шығарып салып жатады. Тіпті, балалар үшін жолдың ақысын өзі төлеген кездерін де білеміз. Бір байқаған ерекшелігім, жыл сайын жаңа түскен 7 – сынып оқушыларына сабақ бермесе де, солардың арасында жүреді. Әрқайсысымен жеке сөйлесіп, ерекше қабілетін байқаған, талпынысы бар, білімге құштар балаларды таңдап алады. Басқа балалармен де жеке қарым-қатынас жасап білімге, ғылымға шабыттандырып жүреді”, – Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды ер балаларға арналған Білім-инновация лицейі директордың орынбасары Гүльнар Рахимова.
МАҚСАТЫҢА ЖЕТКІҢ КЕЛСЕ..
“Біріншіден, алға қойған мақсатыңды жақсы көруің керек. Екіншіден, сол мақсатқа күнделікті тұрақты түрде қадам жасап отыруың керек. Мысалы, күнде тамақ ішу немесе жуыну сияқты күнделікті затқа айналуы керек. Бірақ, ұзақ сол затпен қана айналысып емес, аз-аздан болса да, күнделікті. Үшіншісі, алға қойған мақсатыңа зейін қою (концентрация). Тек соны ойлау керек. Күнделікті белгіленген уақытта басқа затқа алданып қалмай, мақсатыңа “фокус” жасауың керек”, – дейді мұғалім Муаммер Гүл.
ҰСТАЗДЫҢ ҚАНДАЙ ЕКЕНІН ШӘКІРТТЕН АРТЫҚ ЕШКІМ АЙТА АЛМАС…
“Ол өте жақсы адам. Сен жақсы көрмеген пәнді, ұнатуың үшін әрекет етеді. Ол қарапайым адамнан мықты адам жасай алады. Армандарым мен мақсаттарым көп, олардың ішінде Муаммер бейдің үмітін ақтағым келеді. Ол менің отбасымның мүшесі сияқты”, – Білім-инновация лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрдаулет Абсаттаров.