Ана мен бала орталығында жеті айлық балаға трансплантация жасалды

0
357

Ана мен бала орталығында жеті айлық балаға бауыр трансплантациясы жасалды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.

Бауыр трансплантациясы ең ауыр операция түрлерінің бірі болып есептеледі. Ол тек ересек адамдар үшін ғана емес, кейде өмірге енді қадам басқан нәрестелердің де жалғыз мүмкіндігі болып келеді. Бұл операцияның күрделілігі баланың кішкентай салмағы мен 7 айлық екені ғана емес, тыныс алуының тұрақсыздығымен байланысқан жалпы жағдайының ауырлығында.

UMC Ана мен бала орталығында бауыр трансплантациялары 2015 жылдан бастап жасалып келеді. Бұл бауыр ауыстыру операциясы жасалған 16-шы бүлдіршін. Диагнозы – екінші реттік биллиарды цирроз.

“Баламның диагнозы бауыр циррозы, осы диагнозбен Ана мен бала орталығына келдік. Емнің ең оңтайлы түрі деп трансплантация деген шешім қабылданды. Әрине, басында үлкен қорқыныш болды, баламнан айырылып қалам ба деген ойлар да мазалаған. Қандай дәрігерлер жасайды екен, қалай болар деген ойлармен жүрдім, қорықтым. Дәрігерлерімізге сенім білдірдік. Жолдасым донор болуға мүмкіндігі болған соң, бірден шешім қабылдадық. Операция жасалған соң біраз жеңілдендім. Үрей әлі де болғанмен, енді сенім де бар. Орталықтың дәрігерлеріне рахмет. Барлығы да білікті мамандар, балама жақсы қарады, барлығынан хабардар етіп отырды. Шетелге баратын ойымыз да болмады, елімізде осындай орталықтың барын естіп, біліп келдік, мамандарға деген сенімімз ақталды”, – дейді баланың анасы.

Операция қаңтар айында, «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының қолдауымен «Бір жасқа дейінгі балалардың бауыр трансплантациясы» тақырыбында өткен менторлық шеберлік сағаты аясында Жапониялық әріптестермен бірлесе жасалды.

Атап өткен жөн, Қазақстанда бұндай операциялар тегін жасалады. Егер барлық параметрлердің сәйкестігі нақтыланса, туыстық донорлықты жасауға болады. Бұл операцияның сәтті өтуі дәрігерлердің ғана емес, баланың әкесінің де үлкен жетістігі десек артық емес.

“Әлбетте, менің донор болуым мүмкін дегенді естігенде бірден келістім. Қорқыныш сезімі де болған жоқ, ұлымның амандығын ойладым, тіледім. Дегенмен, бұндай жағдайға алғаш рет душар болғандықтан аздап қобалжу орын алды. Дәрігерлерге ризашылығымды білдіргім келеді, ұлымды аман сақтап қалуға барынша көмектесті, бәрін өз уақытымен істеді, операция сәтті өтті. Барлығы үшін рақмет”, – дейді әкесі Тілеубек.


Анықтамалық ақпарат: Жыл сайын ана мен бала орталығында орташа есеппен 2-3 бауыр трансплантациясы және 20 бүйрек трансплантациясы жасалады. Негізінен бұл туыстық донорлар. Алайда туыстарының ағзасы белгілі бір себептермен сәйкес келмейтін балалр да бар, олар мәйіттік донордағы кезекте, яғни күту парағында тұруға мәжбүр. Бүгінде ана мен бала орталығының күту парағында ғана 18 бала бауыр трансплантациясына және 30 бала бүйрек трансплантациясына мұқтаж.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз