Bloomberg агенттігінің бақылауынша, орыс миллиардерлер Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) Ресейге қарсы салған санкцияларының кесірінен 16 миллиард доллар қаражаттан қағылды. Аты шулы «Кремль тізіміне» енген 27 ресейлік бай-бағланның 26-сының қазынасы ортайған.

Қалтасы қағылған орыс олигархтарының көшін «Норникель» компаниясының басшысы Владимир Потанин бастайды. $ 2,2 млрд жоғалтқан Потаниннің ізін жалғаған «Лукойл» басшысы Вагит Алекперовтің қазынасы $ 1,37 млрд-қа кеміді. Дәулеті азайған орыс миллиардерлерінің үштігіне «Ренова» басшысы Виктор Вексельберг енді. Ол $ 1,28 млрд шығын көрді. «Северсталь» егесі Алексей Мордашов (– $ 987 млн) пен «Русал» компаниясының иесі Олег Дерипаска (– $ 905 млн) да  АҚШ санкцияларының зардабын тартты.

Bloomberg-тен алдын Forbes журналы да ресейлік байшыкештердің санкция құрбаны болғаны туралы хабар берген еді. Миллиардерлер тізімін жинақтайтын журнал Олег Дерипасканың қазынасы $ 1,3 млрд-қа азайып, қазіргі таңда $ 4 млрд-ты құрайтынын жазды. Дәл сол жаңалықта «Ренова» басшысы Виктор Вексельбергтің $ 956 млн-нан қағылып, $ 13,6 млрд қаражатпен қалғаны айтылды. Бұдан бөлек дағыстандық сенатор Сулейман Керимовтың $ 918 млн шығынға ұшырап, $ 5,6 млрд-пен өзін жұбататыны мәлім болды. Сондай-ақ, Forbes-тың хабарына сүйенсек, USM Holdings компаниясының егелерінің бірі Андрей Скоч жеке қаражатынан $ 94 млн жоғалтса, «Сургутнефтегаз» компаниясының ортақ иесі Владимир Богдановтың қалтасы $ 58 млн-ға жұқарды.

 

Бауыржан Мұқан

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз