Елордада EXPO-2017 көрмесіндегі энергетикалық технологиялар енгізіледі

0
107
ашық дереккөздерден алынды

Астанада EXPO-2017 көрмесінде танытылған 16 энергетикалық технологиялар енгізіледі. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылы 8 ай ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы қалалық мәслихаттың сессиясында мәлімдеді.

– Әкімдік EXPO көрмесінің 110 жобасын іске асырып, сараптаған 300 инженердің тобын құрды. Нәтижесінде, елордада іске асатын 9 елдің (Австрия, Польша, Франция, АҚШ, Ресей, Қытай, Литва, Германия) 16 технологиясы іріктеліп алынды. Астана үшін 2016-2020 жылдарға арналған энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жоспары әзірленді. Бюджеттік секторда жинақ үнемдеу жылына 287,5 млн. теңгені құрайды, – деп мәлімдеді Әсет Исекешев.

Әкімнің айтуынша, кешенді жоспар мынадай жобаларды қамтиды:

«Жылу ағынын басқару». Бюджеттік мекемелердің 137 нысанында жинақ 20% немесе жылына 265 млн. теңге болады.

«Астана қаласындағы жаңартылатын энергия көздерінің архитектуралық формалары». Жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) 16 түрі, 140-тан аса бірліктер орнатылды, барлық нысандар іске қосылған және штаттық режимде жұмыс істейді, қондырғылардың санын көбейту жоспарлануда. Аталған қондырғылар энергия тұтынуды орта есеппен 5% -ға төмендетуге және елорда тұрғындары үшін әлеуметтік жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді.

«Ақылды жарықтандыру». 30 мыңнан астам шамдарды ауыстырып, қозғалысты басқаратын жүйелерді орнату үшін «Ақылды» диспетчерлік басқару орталығын құру жоспарланып отыр.

Бұл электр қуатын тұтынуды жылына 37,5 МВт-дан 18,5 МВт-қа дейін немесе жылына 600 млн. теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді.

Қонаев-Мәңгілік Ел-Достық-Нұржол көшелерінде және ЕХРО-ның жанында бірнеше пилоттық жоба іске асырылды.

Сайлаубай Сабина

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз