Ардагерлер өсиеті

0
911

Kazaknews.kz ақпараттық агенттігі 9 мамыр «Жеңіс күні» мерекесіне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жүректен шыққан ізгі тілектері мен өсиеттерін назарларыңызға ұсынады.

Екатерина Герасимовна (Астана)

1924 жылы Мәскеуде дүниеге келген. Соғыстан кейін 1946 жылы Қазақстанға көшіп келді. 16 жасында өз еркімен майданға аттанған. Ұлы Отан соғысының ардагері.

«Отаннан қымбат ештеңе жоқ, Отаныңызды анаңыздай сүйіңіз. Мейлі орыс, мейлі қазақ, мейлі басқа ұлт болсын, бірлік еш уақытта жоғалмасын. Соғыс уақытында еліміздің бірлігінің мықты болуының арқасында ғана біз жеңіске жеттік. Ауызбіршілік адамгершіліктің ең жоғарғы қағидасы. Мұны еш уақытта естен шығармау керек. Елдің болашағы жас ұрпақтың қолында. Бейбітшілікті сақтаңыздар»

Брагин Яков Степанович (Астана)

1926 жылы дүниеге келген. 17 жасында өз еркімен майданға аттанған. Соғыстан кейін Қазақстанға көшіп келген. Ұлы Отан соғысының ардагері.

«Әлемде бейбітшілік болсын. Соғыс тұрмақ, соғысқа бастар қадам болмасын. Біз өз өмірімізді сүрдік. Біз үшін бәрі артта қалды. Енді бізді ұмытпаса екен…»

Хайруллин Нұрғабыл Хайруллинович  (Өскемен)

Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Тыл еңбеккері

«Адам баласы еңбекқорлыққа қарай бет бұрса, оның міндетті түрде нәтижесін көреді. Жалқаулық пен арсыздықтан тиылған адам, адамдықтың шыңына жетеді. Адам болып өмірге келгеннен кейінгі басты мақсат тура жолды ұстанып, білім алу. Өмір бойы білім алудан бас тартпау қажет. Жалқаулыққа салынсаң көштің соңында қаласың»

Сонин Василий Евстафьевич

1926 жылы дүниеге келген. 17 жасында Қызыл әскерге шақырту алады. Ұлы Отан соғысының ардагері.

«Ел бізді есінде сақтап, ұмытпаса екен. Мен өзім туралы емес, соғыс жылдарындағы қантөгіске шыдап, Отан ананы қорғап қалған майдандастарым жайында айтып отырмын. Біз елімізді, жерімізді қорғау мақсатында ғана өлімге бас тіктік»

Ширванова Рауза Ахметовна (Семей)

1922 жылы ШҚО Семей қаласында дүниеге келген. 1942 жылы Совет әскерінің қатарына шақырылып, 1945 жылы елге оралады. Ұлы Отан соғысының ардагері.

«Жастарымыз біз көрген өмірді көрмесе, соғыс жылдарындағы біз сезінген қорқыныштарды сезбесе екен деп тілеймін. Ең бастысы аспанымыз ашық болсын»

Берниязова Зинаида Дуйсенкуловна (Астана)

1942 жылы өз еркімен Гурьев облыстық военкоматқа жазылып, бір айлық оқу-жаттығуларынан кейін майданға аттанған. Ұлы Отан соғысының ардагері.

«Ең бастысы денсаулық тілеймін. Бар әлемде татулық сақталсын. Енді ешқашан соғыс болмасын. Мен басымнан өткерген аштық, жақындарыңнан айрылу, майдандас достарыңнан айрылу қорқынышын ешкім сезінбесін. Маған ол кезде тек жастығым ғана көмектесті»

Жүнісбек Каримов (Астана)

1926 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 18 жасында Ақмола облысы әскерінің қатарына шақырылып, майданға аттанады. Соғыс аяқталғаннан кейін 1951 жылы елге оралды. Ұлы Отан соғысының ардагері.

«Соғыс кезіндегі біздің мақсатымыз, бір қадам артқа шегінбеу, бекіністі ұстап тұру, Мәскеуге бірді-бір фашисті кіргізбеу болды. Өскелең ұрпағымыз мақсатынан таймай, елімізді, жерімізді қорғайтын батыр болсын. Жастарымыз біз көрген қиындықтарды, қорқынышты, сығысты өңінде тұрмақ түсінде де көрмесін. Ең бастысы бір-бірін қадірлеуді, құрметтеуді жоғалтпасын».

Сұхбаттасқан kazaknews.kz тілшісі Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз