Қазақстанда бір күнде бес мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды

0
417
Жедел жәрдем көліктері.

14 шілдеде Қазақстанда 5314 адамнан коронавирус анықталды. Бұған дейін бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. Өткен аптадан бері коронавирустың рекордтық көрсеткіші қатарынан бірнеше күн үздіксіз жаңарып келеді.

Елде вирус өршіп тұр. Денсаулық сақтау министрлігі бір күн бұрын пессимистік болжам бойынша, тамыз айында күніне 6 мыңнан астам науқас тіркеледі деп мәлімдеген.

Билік індеттің өршуін коронавирустың “дельта вариантымен” байланыстырады. Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда алғаш рет маусымның соңында тіркелген. Жаңа вариант алғашқы вариантқа қарағанда едәуір жұқпалы.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 1576 адамнан коронавирус табылған. Індет басталғалы бері астанада бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. Алматыда – 850, Қарағанды облысында – 603, Атырау облысында – 299, Шымкентте – 416, Батыс Қазақстан облысында – 234, Ақмола облысында – 160, Маңғыстау облысында – 189, Павлодар облысында – 156, Ақтөбе облысында – 204, Алматы облысында – 144, Қостанай облысында 104 науқас тіркелді. Қалған облыстарда ондаған науқас анықталған.

Елде коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші де жоғары. 13 шілдеде 57 адам коронавирустан қайтыс болған: 47 адам – коронавирустан, 10 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады.

Қазір Қазақстан бойынша 47 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 15,2 мыңы стационарда жатыр. 126 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз