Қазақстанның бес қаласында карантин күшейтіледі

0
524

2 тамыздан бастап Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Атырау қалаларында карантин тағы күшейтіледі. Бұл туралы сейсенбі күні премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында белгілі болды.

Бұл аймақтарда 2 тамыздан бастап мынадай шектеу шаралары күшіне енеді:

  • орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметін тоқтата тұру;
  • ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;
  • мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80%-ін қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстыру (вакцина салдырғандарды және кейінгі 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда).

Сонымен қатар Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары), Шымкент қалаларымен (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағандымен (Теміртау, Шахтинск, Абай) шекаралас аудандарында карантиндік шараларды күшейту бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз