Бір күнде 2800 адам коронавирус жұқтырды

0
135

7 шілдеде Қазақстанда 2800 адам коронавирус жұқтырды. Елде былтыр наурыз айынан бері 445 091 адамға коронавирус жұққаны ПТР тестпен дәлелденген

Екі күн бұрын 26 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққан. ПТР нәтижесі теріс, бірақ симптомдары коронавирусқа ұқсас “пневмония” статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келеді. Министрлік мәліметінше, содан бері елде 57 490 адам “пневмонияның” сол түріне шалдыққан.

Осылайша Қазақстанда коронавирус тесті оң шыққандар мен пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққандар жарты миллионнан асып, 502 581 адам болды. Халықаралық сарапшылар пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін Covid деп санайды. Бірақ Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясын Covid статистикасына қоспай келеді.

Сейсенбі күні коронавирус тесті оң шыққандар арасында 28 адам өлімі тіркелген, 6 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған. Індет басталғалы бері ресми мәлімет бойынша, 4544 адам – коронавирустан, 3476 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.

Министрліктің мәліметінше, қазір 35 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр, басым бөлігінің коронавирус тесті оң шыққан. 11 мыңға жуық пациент стационарда жатыр: шамамен 900 адамның жағдайы ауыр немесе өте ауыр. 91 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Қазір елдегі ірі үш қала мен алты облыс “қызыл аймақта”: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары. Ақтөбе, Қостанай, СҚО, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстары вирус тарауы жағынан орташа “сары аймақта” тұр. Қалған Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары – “жасыл аймақта”.

Министрліктің дерегінше, 8 шілдеге дейін 4 миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы екпенің бір дозасын; 2,28 млн адам екі дозасын алған. Елде ресейлік “Спутник V”, қазақстандық QazVac, HayatVax (БАӘ елінде дайындалған Қытайдың екпесі), қытайлық Coronavac екпесін салып жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз