Өткен тәулікте 5,7 мың адамнан коронавирус анықталды

0
120

15 шілдеде Қазақстанда тағы 5648 адам коронавирус жұқтырған . Елге індет келгелі бір күнде осынша науқас тіркелмеген. Бір күн бұрын коронавирус жұқтырғандар тағы көбейіп, індет басталғалы бері алғаш рет 5 мыңнан асқан.

Екі күн бұрынғы ақпарат бойынша, ПТР тесті теріс шыққан 122 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясы бойынша екі күн бұрынғы ақпаратты жариялайды.

Қазір елде вирус өршіп тұр. Үш ірі қала мен 10 облыс коронавирус бойынша “қызыл аймақта” тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Павлодар, Атырау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары. Алгоритмге сәйкес, “қызыл аймақтарда” карантин күшейеді. “Сары мен жасыл аймақта” санаулы облыстар қалды. “Сары аймақта” Алматы облысы мен Жамбыл қалған. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары “жасыл аймақта”.

Үкімет індеттің өршуін коронавирустың “дельта вариантымен” байланыстырады. Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда алғаш рет маусымның соңында тіркелген. Жаңа вариант алғашқы вариантқа қарағанда едәуір жұқпалы.

Ресми мәлімет бойынша, 14 шілдеде Covid-пен байланысты 54 адам өлімі тіркелген: 48 адам – коронавирустан, 6 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Билік былтыр тамыздан бері коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. 14 шілдеге дейін 58 335 адам пневмонияның осы түріне шалдыққан. 3520-ы қайтыс болған. Билік бұл деректі коронавирустың негізгі статистикасына қоспай отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 50 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 16,1 мыңы стационарда жатыр. 117 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз