Қазақстандық әнші “Тутамас” әнін қазақша орындайды

0
1,290
photo: stan.kz Абзал Тасмұханбет

Түркияның танымал әншісі Мурат Кекили өз төлқұжатына айналған «Bu akşam ölürüm» (Tutamaz) әнін қазақша орындаудың эксклюзивті құқығын әнші Абзал Тасмұханбетке берді. Бұл туралы AlmatyTv арнасы хабарлады.

Instagram парақшасына түрік әншісінің арнайы құжатқа қол қойып жатқан сәтінен видео жариялаған Абзал өз тыңдарманына қуанышты жаңалығын жеткізді.

“Бір кездері хит болған “Тутамас” (Bu akşam ölürüm) әнінің авторы әрі орындаушысы Мурат Кекилли аталмыш әнді қазақша орындаудың эксклюзивті құқығын маған берді. Бұйыртса қазір әннің мәтіні мен аранжировкасын жазуға кірісіп жатырмыз”, – дейді Абзал Тасмұханбет.

Мурат Кекилидің 1999 жылы шығарған «Bu akşam ölürüm» атты альбомы үлкен сұранысқа ие болып, ең танымал үнтаспаға айналған еді. Бұл ән тек Түркияда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де хит болып, 2000 жылы Түркияның ең беделді музыкалық марапатын иеленген.

Абзал Тасмұханбеттің айтуынша, әннің қазақ тіліндегі нұсқасы әдемі махаббат тақырыбына арналмақ.

“Таяу күндерге бейнебаянның түсірілімі жоспарланды. Оның сюжеті де қызық болғалы тұр. Көп ұзамай жаңа туынды қалың көрерменге жол тартады”, – дейді ол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз