«Нұр Астана» мешітіне Әбу Насыр әл-Фарабидың есімі берілді

0
293

19 қарашада Нұр-Сұлтанда «Нұр Астана» мешітінің атауы өзгертіліп, ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби есімі берілді. Жұма намазына жиналған жамағат алдында шара салтанатты түрде өтті. 

Қасиетті Құран аяттарымен ашылған салтанатты шараға арнайы қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов мешітке әл-Фараби есімі берілуінің маңыздылығын атап өтіп, ізгі тілегін білдірді. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай көтерілген бұл бастаманың ҚМДБ төралқа мәжілісінде мақұлданғанын жеткізіп, жамағатқа бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау лебізін оқыды.

“Жақында ҚМДБ-да ғұламалар кеңесінің ұсынысымен елордамызға талай жылдар қызмет еткен Нұр-Астана мешітінің атауын әл-Фараби бабамыздың атына өзгерту жайында ұсыныс берілген болатын. Жалпы осы елорда төріндегі мешітке бабамыздың аты берілуі тектен тек емес. Өйткені, ең бірінші Әл Фараби деген кезде әрбір мұсылман үшін, әрбір қазақ руханиятына имандылықты, білімге деген құштарлықты, қанағатшылықты, қарапайымдылықты еске түсіреді”, – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов.

“Нұр Астана” мешіті 2005 жылдың 2 наурызында ашылды. Мешіт Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Араға 16 жыл салып, 19 қарашада мешіттің есімі Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өзгерді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз