Қазіргі жастардың құндылықтары қандай?

0
50

Қазіргі таңда жастардың ақыл-ойы мен білім деңгейі жоғары екеніне еш күмән жоқ. Бүгінгі жасөспірімдер бірнеше тілді меңгеріп, жаңа технологияларды еркін пайдалана алады, заман талабына тез бейімделеді. Сонымен қатар, қазіргі ұрпақта тәртіп пен жауапкершілік те біртіндеп қалыптасып келеді. Дегенмен, әр халықтың, әр ұлттың өзіне тән рухани құндылықтары бар, ал қазақ жастары үшін бұл құндылықтардың орны ерекше.

Қазақ халқы үшін ең басты құндылықтар – тәлім-тәрбие, қанағатшылдық, қайсарлық пен еңбекқорлық. Бұл қасиеттер ата-бабаларымыздан аманат болып қалған рухани мұра. Осындай асыл қасиеттердің бүгінгі ұрпаққа жетуі – қуанарлық жағдай. Қазіргі жастардың арасында қолындағы барын бағалай білетін, мүмкіндігін орнымен пайдаланатын жандар аз емес. Алайда, өкінішке қарай, барша адам бірдей мұндай санаға ие емес. Кейбір жастар өмірдің, тіпті қарапайым дүниелердің де қадірін түсіне бермейді.

Қазақта «Семіз қой қыстан майын жеп шығады, арық қой жанын жеп шығады» деген мақал бар. Бұл – қолда барды қадірлеу, болашақты ойлап әрекет ету туралы терең мағыналы нақыл. Өмірде бүгін бар дүние ертең болмауы мүмкін. Сондықтан барға қанағат етіп, әр мүмкіндіктің қадірін білу – нағыз құндылықтың белгісі.

Құндылық дегенде біз тек материалдық дүниелерді ғана емес, адам бойындағы қасиеттерді де естен шығармауымыз керек. Адамгершілік, адалдық, өзгені құрметтеу – кез келген қоғамның тірегі. Ешкімді балағаттамау, біреудің ала жібін аттамау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – міне, нағыз құндылықтар осылар. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген жас қана толыққанды тұлға болып қалыптасады.

Қорытындылай келе, қазіргі жастардың құндылықтары – білім мен тәрбие, жаңашылдық пен ұлттық дәстүрдің үйлесімі. Егер біз ата-бабамыздан қалған рухани мұраны сақтай отырып, заман талабына сай дамысақ, болашағы берік, саналы ұрпақ қалыптастыра аламыз.


Амина Амирова, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз