Н.Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасымен кездесті

0
76

Мемлекет басшысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровпен кездесті, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қайрат Қожамжаров Мемлекет басшысына Агенттіктің ағымдағы жылдың 10-айдағы қызметінің қорытындылары туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Елбасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң қабылдаған кезде, мен ешкімге кешірім жасамайтындығын және жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда жазадан құтыла алмайтындығын айттым. Соңғы жылдары бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылды », – деді.

Мемлекет басшысы сондай-ақ бюджет қаражатын ұтымды және айқын пайдалану қажеттілігін атап өтті.

Қ.Қожамжаров Мемлекет басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізу барысында қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімдеп, оның іске асырылуына халықаралық сарапшылар қауымдастығы тарапынан жоғары баға берілгеніне назар аударды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы  «Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде 3400 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 1000 іс соттарға жіберілді. Зиян келтірілген 15 миллиард теңгеден 11 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды. 7 млрд. Теңгеден астам сомаға мүлік сатып алынды», – деп хабарлады.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті бірқатар маңызды тапсырмалар берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз