Рохинджалық балаларға шұғыл көмек қажет

0
63

ЮНИСЕФ (БҰҰ қамқорлығымен жұмыс істейтін халықаралық ұйым) ұйымы өкілдері Мьянмадан Бангладешке бас сауғалап барған рохинджалық балаларға шұғыл көмек қажет деп дабыл қағуда, деп хабарлайды 24kz.

Ұйымның айтуынша, ата-аналарынан, қамқоршыларынан айрылып, зорлық-зомбылық көрген 320мың бүлдіршін  медициналық,  психологиялық көмекке мұқтаж.

Қазіргі таңда босқындардың көбі адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Бангладеш шекарасы маңындағы уақытша лагерлерде өмір сүріп жатқан босқын балалардың әрбір бесіншісі тоя тамақ ішпейді. Оның үстіне шұғыл екпе салынуы тиіс. Осыған байланысты БҰҰ әлемдік қауымдастықтан 430 миллион доллор көмек сұрауға мәжбүр. Қаржыны жинауға қатысты конференция 23 қазанда Женевада өтеді деп жоспарланып отыр.

Осыған дейін көптеген мемлекеттердің рохинджалықтарға көмек қолын созып отырғанына қарамастан, босқындардың хал-ахуалы әлі күнге дейін алаңдататынын, халық арасында азық-түлік пен таза су тапшылығына байланысты санитарлық жағдай сын көтермей «тырысқақ» індеті тарап кету қаупі басым екендігі айтылған болатын.

Еске салайық, тамыз айының аяғында Мьянмада рохинджа ұлтынан құралған қарулы жасақ мемлекеттің әскери бөлімшелеріне шабуыл жасап, мьянмалықтар мен рохинджа ұлты арасындағы даулы жағдай шиеленісе түскен болатын.

Қазіргі таңда 600 мың рохинджалық мұсылмандар Бангладешке бас сауғалаған.

Жадыра Аманбайқызы

Сурет ашық дереккөзден алынған

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз