Шымкент қаласының әкімі тағайындалды

0
80

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімімен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бұйрығымен Шымкент қаласының әкімі тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

7 қарашада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалған Нұрлан Ермекұлы Сауранбаевты таныстырып, жұмысына сәттіліктер тіледі.

«Сіз мемлекеттік қызметтің түрлі салаларында жұмыс істеген жоғары білікті мамансыз. Басшылық лауазымда да мол тәжірибеңіз бар. Нұрлан Ермекұлы қала экономикасын одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін салады және Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін бірқатар мәселелерге ерекше көңіл бөледі деп үміттенемін. Сонымен қатар, мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету, қалалық бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, шағын және орта бизнесті дамыту үшін инвесторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді, қалаға қосылған елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырамын», – деді облыс әкімі.

Сауранбаев Нұрлан Ермекұлы 1967 жылы 20 мамырда дүниеге келген, білімі жоғары, мамандығы экономист.

Еңбек жолын 1991 жылы «Еңбек» компаниясының бас директорлығынан бастаған. Әр жылдары басқарушылық қызметтерді тізгіндеген.

2017 жылдың ақпанынан бастап «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу жөніндегі Штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы болды.

«Құрмет», «Парасат», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медаль, ордендермен марапатталған.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз