Түркия «Ердоған» деді

0
127

Ресми мәліметке сәйкес, Түркия халқының 87% қатысқан кезектен тыс президенттік сайлауда қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоған сайлаушылардың 52,5% дауысын иемденіп жеңіске жетті. Бұл туралы Түркияның Жоғарғы сайлау комитеті мәлімдеген.

Президенттік сайлауда Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы Мухаррам Индже үміткер болған Халық-республикалық партиясы парламент сайлауында 31,5% дауысты иеленген.

Парламенттік сайлауда 8 саяси партияның бесеуі ғана парламентке өтті. Нақтырақ айтқанда Түркия президентінің жетекшілігімен Әділет және даму партиясы 42.2% дауыспен көш бастады. Оппозициялық Халық-республикалық партиясы 22.7%-ға ие. Күрдтердің Демократиялық партиясы 11% дауыспен парламентке өтуге тиісті 10% -дық кедергіні еңсерген. Ал тағы бір оппозиция өкілі «Жақсы партиясы» 10% дауыс алған.

Оппозиция президенттік сайлауда орын алған құқық бұзушылықтарға шағымдануда

Түркияның төрт провинциясында 10 шетелдік бақылаушы қамауға алынды. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, олар президенттік және парламенттік сайлауда дауыс беру үрдісіне араласуға тырысқан. Орын алған жайттарға байланысты жетекші оппозициялық Халық-республикалық партиясының өкілі Бюлент Тезджан Түркияның оңтүстік-шығысындағы Шанлыурфада орналасқан жергілікті сайлау комиссияларының жымысқы әрекеттеріне бірнеше рет шағым түсіріп, орын алған құқық бұзушылықтарға назар аударуды талап етті.

Анкарада өткен баспасөз конференциясында оппозиция өкілі бақылаушылар тарапынан ұсынылған жүздеген сайлау бюлеттенінің қоқысқа тасталып жатқан бейнежазбасын көрсетті. Сонымен қоса, елдің кейбір сайлау учаскелерінде 24 маусым түнде Режеп Тайып Ердоған бастаған Әділет және даму партиясын қолдау мақсатында жымысқы әрекетпен жүздеген сайлау бюлеттенінің алмастырылғандығы туралы айтылды.


Ердоған өзінің президенттік сайлауда жеңіске жеткенін Жоғарғы сайлау комиссиясының ресми мәлімдемелеріне дейін жариялады. Ердоған: «Сайлаудың бейресми нәтижесі белгілі болды. Осыған сәйкес, халқым президенттік міндетті маған сеніп тапсырды. Оған қоса «Республикалық одаққа» және «Әділет және даму» партиясына мәжілістегі басымдықты беріп, үлкен жауапкершілік жүктеп отыр», – деп мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Түркияның жоғарғы сайлау коммитеті сайлау нәтижесін ресми түрде жариялап, Режеп Тайып Ердоғанның жеңіске жеткенін мәлімдеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз