Түрік оппозициясы: Анадолу агенттігі сайлауда манипуляция жасады

0
138

Түркияда күні кеше мерзімінен бұрын өткен сайлаудың ресми қорытындылары жарияланбағанмен, оппозиция өкілдерінің наразылығы толастар емес. Олар бір ауыздан Анадолу агенттігі манипуляция жасағанын айтады.

Еуроньюс агенттігінің хабарына сүйенсек, оппозициялық Халық-республикалық партиясының (CHP) өкілі Бюлент Тезджан про-үкіметтік Анадолу агенттігінің манипуляция жасағанын мәлімдей келе, негізінде, президенттік сайлаудың екінші турға қалғанын айтты.

Оның сөзінше, Жоғары сайлау комиссиясы ұсынған көрсеткіштерде Режеп Тайып Ердоған (биліктегі Әділет және даму партиясының (АКР) басшысы) 44%, ал Мухаррем Индже (CHP үміткері) 40% дауыс жинаған.

Бюлент Тезджан өз кандидаттарының нәтижелері әлі жарияланбаған Стамбул, Анкара, Измир, Мерсин және Адана секілді ірі қалаларда көпшіліктің сеніміне ие болатынына сенімді.

Оппозиция өкілі Анадолу агенттігін меңзеп, «біреулер мерзімінен бұрын тойлауды бастап кеткенін» жеткізді. Шынтуайтында, президенттік сайлау екінші турға қалғалы жатқан.

-«Индже фаворит болған қалалар соңына қалдырылды»

Халық-республикалық партиясының басқа бір өкілі Айкут Ердогду да әріптесінің пікірін қостады. Твиттер желісінде жариялаған хабарында Ердогду:

«Анадолу агенттігінің мәлімдемелерінде Мухаррем Индже ең мықты боп саналатын сандықтар (сайлау жәшіктері орналасқан қалалар –ред.) соңына қалдырылды… Бұл сайлау екінші турға қалады… Сайлау нәтижеленбей тұрып жасалынғалы жатқан балконға шығулар (соңғы 3-4 жылда Режеп Тайып Ердоған сайлау бітпей жатып партияластарымен президенттік сарайдың балконға шығып, жеңіс сөзін сөйлеуді әдетке айналдырған –ред.) сайлау айлаларының басқа бір қадамы болады… Мөрінің сиясы кеппеген жәшіктерден көз жазбаңдар…», – деп мәлімдеме жасады.

-«Анадолу агенттігі баяғы әдетіне салып, манипуляциялауды жалғастыруда»

Халық-республикалық партиясының тағы бір өкілі, партияның Стамбул аумағы басшысы Джанан Кафтаноглу сайлау нәтижелері туралы мынадай мәлімдеме жасады:

«Анадолу агенттігі, баяғы әдетіне салып, манипуляция жасауын жалғастыруда. Анатолияның шағын қалаларының дауыстары саналды. Үлкен қалаларда сандықтар ашылмады. Қорқудың ажалға пайдасы жоқ. Соңғы күлген жақсы күледі. Бірнеше сағаттан кейін жоғалтқандарына қарамастан, нақты нәтиже келгенде, әлі-ақ біздің жүзіміз жайнайды. Бірнеше сағаттан кейін тағы да кездесеміз. Деректеріміз Жоғары сайлау комиссиясынікіне параллель. Сандықтарды күзеткендер таң атқанша орындарын тәрк етпесін.»

-«Жақсы партияның» басшысы Мерал Акшенер де «манипуляция болды» дейді

İYİ Parti Genel Başkanı Meral Akşener

Соңғы сайлауда Халық-республикалық партиясымен бірге Халық коалициясын құрған «Жақсы партияның» басшысы Мерал Акшенер де Анадолу агенттігінің манипуляция жасағанын меңзеді. Жақтастарына қарата айтқан сөзінде партия төрайымы ақпарат агенттігінің манипуляцияларына бой бермей, сандықтарға ие болуға шақырды.

Твиттер арқылы хабар жолдаған Акшенер:

«Жауапты және бақылаушы бауырларым, сандықтарымыздан ажырамаймыз! Анадолу агенттігінің манипулятив нәтижелеріне мойын сұнбай, сандықтарға соңғы сәтке шейін ие боламыз! Қолы және мөрі кеппеген нұсқаларды алғанша, сандықтың басында күтеміз.» – деп үндеу тастады.


Анадолу агенттігі – 1920 жылы құрылған мемлекеттік ақпарат агенттігі. Оппозиция өкілдерінің агенттікке деген наразылығы – елдегі тәуелсіз ақпарат құралдарының жабылуының көрінісі. Осыған дейін демократияның негізгі принциптеріне сай тарапсыз ақпарат таратып келген медиа агенттіктердің негізгі бөлігі 15 шілде 2016 жылғы төңкеріс әрекетінен кейін «лаңкестікке қолдау білдірді» деген желеумен жабылған болатын.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз