Түркістанда ТҮРКСОЙ Кеңесінің ХХХV отырысы өтті

0
68
ОҚО әкімдігі

Бүгін Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы атанған Түркістан қаласында  ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы тұрақты Кеңесінің 35-ші отырысы өтті. Тұрақты кеңес отырысына  Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Нуман Куртулмуш,  Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Сұлтанбек Жұмағұлов және ТҮРКСОЙ мүше елдердің мәдениет министрліктерінің өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен түркі кеңесі, түркітілдес мемлекеттерінің парламенттік Ассамблеясы, халықаралық түркі академиясы, түркі мәдени мирас қоры секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кеңес отырысын тізгіндеген  ҚР Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлы түбі бір түркі халықтарының бірлігі мен ынтымағы одан әрі нығая беретінін айтып, Түркістан түркі әлемінің астанасы аясында өткен шараларға атсалысқан барша түркі халқына алғыс айтты. Ал, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Түркістанда жыл аясында өткен іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізгені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.

Басқосуда түркі елдерінің Мәдениет министрлері түбі бір бауырлардың мәдени-рухани байланысын нығайту жолында игілікті істердің көптеп өтуіне басымдық берілу қажеттігін көтеріп, рухани қалада өткен мәдени шаралар бойынша өз пікірлерін білдірді.

Жиында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев түркі мәдениетін әлемге танытатын халықаралық деңгейдегі тұрақты кеңестің маңыздылығына тоқталды.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы аясында Түркістан мен Шымкент қалаларында ұлы даланы дүбірге бөлеген, түркі тұтастығын тереңдете түсетін мәні мен мазмұны астасқан ауқымды 40-тан астам шара ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, әкім 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мадени астанасы болып жарияланғанын айтып, барша түркі халқын аталмыш іс-шараның қадірлі қонағы болуға шақырды.

Халықаралық ұйымына мүше Мәдениет министрлерінің  дәстүрлі кездесуінде ТҮРКСОЙ-дың өткен жылғы атқарған есебі тыңдалып,  2017 жылы Түркі халықтарының мәдени-рухани байланыстарын нығайту жолында атқарылған шаралар талқыланды. Сонымен бірге, ұйымның алдағы жылға арналған жоспары мақұлданды. Алқалы жиын нәтижесінде қатысушылар ТҮРКСОЙ тұрақты Кеңесінің ХХХV отырысының Декларациясы мен жұмыс хаттамасын қабылдап, қол қойды.

Сонымен қатар, Кеңес отырысына қатысушы түркі елдерінен келген қонақтар қолөнер орталығындағы «ТҮРКСОЙ» бейнелеу өнері көрмесін тамашалап,  онда суретшілер кездесуінің жеңімпазына ТҮРКСОЙ арнайы сыйлығын тапсырады.

 Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз