Тоқаев пен Рахмон Душанбеде екіжақты келіссөз өткізді

0
122
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон. Photo: akorda.kz

19 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде шағын форматта екіжақты келіссөз өткізді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Президент Тоқаев қазір Тәжікстанда ресми сапармен жүр, бұл оның биыл шетелге жасаған алғашқы сапары.

Тоқаев пен Рахмон “қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін”, “саяси диалогты нығайтуға ерекше көңіл бөле отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жағдайын” талқылаған.

Ресми сапардың тәжік-қырғыз шекарасында болған қарулы қақтығыстан кейін ұйымдастырылып жатқанын атап өту керек. Кейбір сарапшылар сапарға Қазақстанның осы мәселеде “бітімгер болу талпынысы” да әсер етуі мүмкін деп айтады. Ақорданың 20 мамыр күні таратқан хабарламасында екі ел басшысы “Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық құрылымдар аясында өзара ықпалдастық мәселелерін” сөз етті деп қана жазылған. Басқа ақпарат жоқ.

Тәжікстан президентінің ресми сайты таратқан хабарламада “Өзара тиімді әріптестік пен аймақ тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша серпін беру үшін [тараптар] 21 ғасырда аймақтағы достық, тату көршілестік пен әріптестік туралы бесжақты келісімнің тұжырымдарын алға жылжытуға дайын екенін білдірді” делінген.

Бұған дейін Қазақстан президенті 28-30 сәуірде Ферғана алқабында болған қарулы қақтығысқа байланысты алаңдаушылық білдіріп, екі жаққа да тиімді шешім іздеп, тараптардың өзара сенімін қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтқан еді. 3 мамырда Тоқаев қос мемлекет басшысымен сөйлесіп, оларды ұстамды болуға үндеген.

Сәуір айының соңында қырғыз-тәжік шекарасында болған жанжалдан 50-ден астам адам қаза болған, жүздеген адам зардап шеккен. (Қырғыз жағы 36 қырғыз азаматы, тәжік тарабы 19 адамның опат болғанын хабарлады). Екі жақ бір-бірін жағдайды ушықтырды деп айыптап, қылмыстық істер қозғаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз