“Ақ жол” партиясы Тоқаевтың кандидатурасын қолдады

0
165
"Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев. Photo: Inform.kz

6 қазан күні “Ақ жол” партиясының съезінде кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау туралы шешім қабылданды.

“Ақ жол” жетекшісі Азат Перуашевтің айтуынша, бастапқыда сайлауға түсуге алты адам ниет білдірген, алайда кейін олардың саны белгілі себептермен қысқарған.

Бейсенбідегі съезде төрт адамның кандидатурасы қаралды: қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, мәжіліс депутаты Серік Ерубаев, Ақтөбе облысының мәслихат депутаты Асқар Садықов және журналист Сандуғаш Дүйсенова.

Перуашев жиналғандарды Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға үндеді.

Жасырын дауыс беру нәтижесінде, 74 делегат қазіргі президентке дауыс берді. Журналист Сандуғаш Дүйсенова кандидатурасын – 11 адам, мәжіліс депутаты Серік Ерубаевты – 23, мәслихат депутаты Асқар Садықовты 17 адам қолдаған.

“Ақ жолдың” алдында бейсенбі күні Тоқаев кандидатурасын биліктің “Аманат” партиясы ұсынған. Партия съезінен соң “Тоқаевты қолдайтын тағы ұйымдар болғандықтан олардың басын қосатын халықтық коалиция құрылғаны” хабарланды. Аталған коалицияның бейсенбі түстен кейін өтетін жиынына Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қатысатыны хабарланды.

Әділет министрі Қанат Мусин 6 қазанда журналистерге “бірнеше ұйым бір кандидатты ұсына алады, заңда оған қатысты шектеу жоқ” деген.

“Заң бойынша ең әуелі кандидат сайлауға қатысуға келісуі тиіс. Орталық сайлау комиссиясына тіркелген кезде қай ұйым атынан түсетінін таңдай алады. Бірнеше ұйым атынан түсу бойынша шектеу жоқ” деді Қанат Мусин.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сайлауға қатысатынын қыркүйектің басында сайлау өтетінін жариялаған кезде-ақ айтқан. Сарапшылар сайлау арқылы Тоқаев өз билігін нығайтқысы келеді деп санайды.

Қазақстанда кандидатты ұсыну 11 қазанда аяқталады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз