Астананың Байқоңыр ауданындағы №2 сот Қайрат Сатыбалдының ісін қарауға кірісті. Алғашқы сот отырысы 16 қыркүйекте өткен. Келесі отырысы 20 қыркүйекте болады.

БАҚ хабарына қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды Қылмыстық кодекстің “Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру” (195-бап), “Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу” (189-бап) бабы бойынша айып тағылған.

Антикор Қайрат Сатыбалдының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеудің 24 тамызда аяқталғанын хабарлаған. Ведомство “тергеу барысында жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден астам қаржы немесе 500 миллион долларға тең заңсыз сатып алынған активтер мемлекетке қайтарылғанын” хабарлаған.

Агенттік бұған қоса, Қайрат Сатыбалдының үстінен “салық пен кеден төлемдерінен жалтарды, қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды” деген айыппен қосымша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды Forbes Kazakhstan есебі бойынша Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің тізіміне кірген. Ол биыл наурыз айында қамауға алынды. Сарапшылар экс-президент туыстарының қамауға алынып, отбасы мүшелерінің жоғары лауазымдардан шеттетілгенін бұрынғы кланның әлсірегені ретінде бағалайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз