Қазақстан мен Еуроодақ стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойды

0
220
Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен. Photo: Primeminister.kz

Қазақстан мен Еуропа Одағы тұрақты шикізат, батареялар және “жасыл” сутек құны тізбегі саласында стратегиялық әріптестік бойынша өзара түсіністік туралы меморандум бекітті. Бұл жөнінде премьер-министр сайты хабарлады.  

Құжатқа Мысырда Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлем көшбасшылары саммиті аясында Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен қол қойған.

“Құжатқа қол қою Қазақстанның ЕО өнеркәсіптік альянстарымен қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын орнатуына жағдай жасайды. Жалпы, біздің еліміз Еуропалық бизнес үшін тартымдылығы жоғары қажетті факторлардың бәріне ие, оның ішінде әртараптандырылған энергия көздері мен жоғары транзиттік-көліктік әлеует бар”, – деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ ол Еуропа Одағы – Қазақстанның ең ірі және маңызды сауда серіктесі болып қала беретінін, еліміздің сыртқы саудадағы үлесінің шамамен 30%-ы Еуроодаққа тиесілі екенін айтты.

«Сонымен қатар бүгінде инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және өзара сауда көлемін ұлғайту бойынша айтарлықтай әлеует барын көріп отырмыз», – деді премьер-министр.

Өз тарапынан Урсула фон дер Ляйен қол қойылған меморандум Қазақстан-Еуроодақ қатынасын одан әрі кеңейте түсетінін атап өтті.

“Біз осыған дейін қалыптасқан өзара терең қарым-қатынасымыздың жаңа парағын аштық. Еуропа Одағы мен Қазақстан ұзақ жылдан бері берік экономикалық байланыстарды дамытып келеді. Біз стратегиялық өндірістік тізбектеріміздің интеграциясын нығайту бағытында бірге жұмыс істейміз. Бұл сирек кездесетін жер элементтерін өндіруге, аккумулятор өндірісіне және “жасыл” сутекке қатысты”, – деді Урсула фон дер Ляйен. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз