Болат Бақауов үйқамаққа ауыстырылды

0
104
Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов.

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов үйқамаққа ауыстырылды. Бұл туралы 19 ақпанда жергілікті БАҚ хабарлады.

Экс-әкімді үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішті ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бас тергеушісі, шұғыл-тергеу тобының жетекшісі түсірген. 18 ақпанда Павлодардың мамандандырылған тергеу соты өтінішті қанағаттандырған.

Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews сайтының жазуынша, бұлтартпас шараның өзгеруіне Бақауовтың денсаулығының нашарлағаны және іс бойынша кейбір жайттардың өзгеруі түрткі болған.

“Егер бұрын атқарған лауазымы мен төңірегіндегі адамдардың ықпалына байланысты Бақауов тергеудің объективті жүруіне кедергі келтіруі мүмкін делінсе, қазір бұл жағдай өзгерді. Қазір әкім қызметінен кетті және лауазымды тұлға ретінде дәлел ретінде қолданылатын негізгі құжаттарға қолы жетпейді” деді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

16 қаңтарда ұлттық қауіпсіздік комитеті Бақауовтың “қызметін асыра пайдаланды” деген күдікке ілінгенін мәлімдеп, оған қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

Болат Бақауов Павлодар облысының әкімі болып 2016 жылы наурызда тағайындалған. 2019 жылы шілдеде оның қызмет уақыты ұзартылған. 2020 жылы 21 қаңтарда Әбілқайыр Ысқақов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз