Түркістан соты: “Бала зорлаған” экс-полицей 15 жылға кесілді

0
87

19 ақпанда Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты облыстық полиция департаментінің бұрынғы қызметкері, полиция капитаны Сәкен Сейітжапаровты “бала зорлады” деп айыптап, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы azattyq.org сайты хабарлады.

Облыстық соттың мәліметінше, айыпталушы 1997 жылғы редакциядағы Қылмыстық Кодекспен сотталған. Ол “Нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану іс-әрекеттері” бабы және “Қорқыту” бабымен кінәлі деп танылған. Сот үкімімен Сейітжапаровтан полиция капитаны атағы алынды.

Үкім күшіне енген жоқ, айыпталушының апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сотталушы 2013 жылы ішімдік ішіп, мас күйінде кәмелет жасқа толмаған баланың дәрменсіз күйін пайдаланып, сексуалдық сипаттағы әрекет жасап, бұл әрекетін бейнетаспаға түсірген.

“Сотталушы бейнетаспаны интернетке салатынын айтып, кәмелетке толмаған баланы бір жылда бірнеше рет зорлаған, ақша алған” деп хабарлады сот.

Жәбірленушінің адвокаты Айман Омарова Facebook парақшасында іске қатысты пікір білдіріп, прокурор айыпталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанын айтты. Қорғаушы 15 жыл аз деп санайды.

“Өйткені ол 16 жасар баланы жүйелі түрде зорлаған. Ол баланың өмірін талқандады” деді Омарова Facebook парақшасындағы эфирде.

Сотталушы Сейітжапаровтың өзімен, туыстарымен және адвокатымен байланысу мүмкін болмады.

Оқиға Түркістан облысы Сарыағаш ауданында болған. Іс бірнеше жыл тергеліп, 2019 жылдың соңында сотқа жеткен. Іс сотта жабық қаралды.

Соңғы уақытта Қазақстанда кәмелетке толмаған балаларды зорлау оқиғасы жиілеп кеткен. Қоғамды дүрліктірген бірнеше оқиғадан соң билік елде 2018 жылдың басынан бастап кәмелет жасына толмағандарды зорлағандарға химиялық кастрация жасау туралы заң қабылдаған.

Былтыр желтоқсан айында Қазақстан ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті елде “Зорлау” бабымен сотталған төрт азаматқа химиялық кастрация қолдану үкімі орындалып жатқанын хабарлаған.

Ал 2019 жылдың соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зорлау қылмысын жасағандарға жазаны қатайту туралы жаңа заңға қол қойды. Оған сәйкес, зорлау қылмысы ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына ауыстырылған. Бұрын жәбірленуші тараппен өзара татуласқан жағдайда айыпталушыны жауапкершіліктен босататын ереже заңнан алынып тасталды. Енді кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған сексуалдық сипаттағы іс-әрекет аса ауыр қылмыс түріне жатқызылып, қылмысы дәлелденген адамды 20 жылға немесе өмір бойы бостандығынан айырылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз