Назарбаев Сербия басшысын “Достық” орденімен марапаттады

0
104

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сербия президенті Александр Вучичты І дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады.

Сербия басшысын қабылдағанына қуанышты екенін жеткізген ел басшысы Сербия президентінің Қазақстанға деген үлкен құрметін атап өтті.

“Біз сізбен осымен төртінші рет кездесіп отырмыз. Бұған дейін EXPO-2017 көрмесіне келген едіңіз. Бүгін міне Қазақстанға мемлекеттік  сапар жасап, әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезіне қатысуға шешім қабылдадыңыз. Бұл сіздің Қазақстанға деген құрметіңізді білдіреді. Біз мұны бағалаймыз”, – деді Н. Назарбаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда айналымына да тоқталды.

“Тауар айналымы  әзірге ауқымды емес. Дегенмен, логистика, көлік коммуникация, қорғаныс өндірісі, ауыл  шаруашылығы, фармацевтика салалары бойынша бізде әлеует бар. Осы сапар аясында қарым-қатынасымыз әрі қарай нығая түседі деген сенімдемін”, – деді Елбасы.

“Әлем қазір қиын жағдайда тұр. Осыған қарамастан, сіз қашан да Қазақстанға деген ерекше ілтипатыңызды білдіріп келесіз, кез келген халықаралық мәселеде бізге қолдау көрсетесіз. Біз де Сербияның саясатын қолдаймыз”, – деген Н. Назарбаев Сербия басшысының Қазақстанға деген “достық қарым-қатынасын ескере отырып”, Александр Вучичты І дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады.

Өз кезегінде, Сербия басшысы Қазақстан президентінің шақыртуына алғыс білдіріп, мемлекет басшысын Сербияға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Александр Вучич Сербия Республикасының орденімен марапаттады.

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз