Президент Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты жиын өткізді

0
1.377

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанда қалыптасқан жағдайға байланысты екінші рет жиын өткізді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, күштік құрылымдардың, атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері, Бас прокуратура, Мемлекеттік күзет қызметі басшылары мен Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы қатысты.
 
Жиында Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және біздің елдің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

 

“Президент құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл осы елмен бұдан былайғы ынтымақтастық бойынша шешім қабылдау үшін аса маңызды.” – делінген хабарламада.

 

photo: foxnews / Талибан қозғалысының басшылары президент сарайында

Айта кетейік, 15 тамыз күні Талибан* қозғалысының жақтаушылары елді толық бақылауға алғанын және Ауғанстандағы соғыстың аяқталғанын жариялады. Бір күн бұрын содырлар Кабулды қан төгіссіз алды. Президент Ашраф Гани отставкаға және шетелге кетуге мәжбүр болды.

Ал, билік толықтай Талибан қозғалысының жақтаушыларына өтуіне байланысты көптеген халық жаппай әуежайға асығып, елден қашып жатыр.

Талибан жақтаушылары мұнымен шектелмей түрмелердегі мыңдаған сотталушыларды босатып жіберген. Олардың басым көпшілігі Талибан жақтаушылары.

Талибан* – 1990 жылдардың екінші жартысында пайда болған діни-саяси радикалды қозғалыс. БҰҰ террористік ұйым деп таныған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз