Сенат Назарбаевтың өкілетін қысқартты

0
96
Қазақстан парламенті Cенатының ғимараты.

27 қаңтар күні сенат экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін қысқартуды мақұлдады. Енді елдің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамаларға елбасы араласа алмайды.

Бұған дейін мәжіліс Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі және Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айыратын өзгерісті мақұлдаған еді.

Бейсенбі күні сенат осы түзетуді қолдап, оған қоса заң жобасына тағы бір түзету ұсынды.

“Заңды талқылау барысында тағы бір норма енгізіліп отыр. Ол – “Тұңғыш президент туралы” заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамаларды елбасымен келісілуге тиіс деген норма алып тасталып отыр. Сондықтан да сенат заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұжырымдамалы түрде қолдап, бір өзгеріспенен мәжіліске қайтарып отыр” деді сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.

5 қаңтарда Қазақстанда жаппай наразылық өршіген тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолға алатынын мәлімдеген. Сол кезде Назарбаевқа жақын делінген бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметтен алынған.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы ретінде билікке ықпал етіп отырған.

Қазір Назарбаевтың қолында “елбасы” статусы ғана қалды. Заң бойынша, бұл статус оны және оның отбасын қылмыстық қудалаудан қорғайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз