Сенім мен өзара түсіністікке негізделген достығымызды қадірлеймін – Н.Назарбаев

0
127

Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудағы айқын жеңіс Владимир Путиннің өз елін дамытуға және оның ұлттық мүдделерін ілгерілету ісіне қосқан зор үлесін Ресей халқының тағы да жоғары бағалағанының дәлелі болып саналатынын айта отырып, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Ресей Федерациясының президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Сіздің тиімді басшылығыңыздың арқасында Ресей ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, жаһандық және өңірлік өзекті проблемаларды шешу арқылы сенімді түрде алға басып келеді.

Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жарқын мысалы болып отырған дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды дамыту ісіне қосқан Сіздің жеке үлесіңізді ерекше атап өткім келеді. Қазақстан екі ел халықтарының мүддесі үшін Ресеймен екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да байланыстарды кеңейту ісін жалғастыруды көздеп отыр.

Мен сенім мен өзара түсіністікке негізделген достығымызды қадірлеймін әрі оны жоғары бағалаймын. Біздің бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта да көпқырлы ынтымақтастығымыздың барлық мәселелері бойынша Астана мен Мәскеудің табысты диалогының берік негізі болып қала беретініне сенімдімін», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге зор денсаулық, амандық және жауапты мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер, ал достас Ресей халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

Еске сала кетейік, 18 наурыз Ресейде өткен президенттік сайлауда Владимир Путин 76% дауыс жинап көш бастап, төртінші рет Ресей Федерациясының президенті болып сайланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз