Смайылов басқаратын министрлер кабинеті қаншалықты жаңарды?

0
513
Әлихан Смайылов кабинеті.

11 қаңтар кешке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел үкіметінің жаңа құрамын бекітті. Министрлер кабинетінің жартысы Мамин басқарған кездегі шенеуніктер. 

Таңертең мәжілістің жалпы отырысына онлайн қатысқан президент Тоқаев Әлихан Смайыловтың кандидатурасын премьер-министр лауазымына ұсынған. Мәжіліс депутаттары бірауыздан қолдап үкімет басшылығына 50 жастағы Әлихан Смайылов тағайындалды.

Смайыловтың үкімет басшылығына келетіні Мамин үкіметі отставкаға кеткенде белгілі болғандай. Себебі тәуелсіз Қазақстан тарихында бір премьер қызметтен түскенде орнына міндетті түрде бірінші орынбасарының отыруы қалыптасқан үрдіс. Дегенмен әлеуметтік желіде, халық арасында Иманғали Тасмағамбетов үкімет басшылығына келеді деген де сыбыс тараған. 

Оқи отырыңыз: Тәуелсіздік алғалы Қазақстан үкіметін кімдер басқарды?

Енді тәуелсіз Қазақстанның 12-ші премьер-министрі Әлихан Смайылов басқаратын үкімет құрамына жаңадан қанша министр кіргеніне тоқталайық. 

Үкімет құрамындағы жеті министр ғана жаңадан тағайындалды. Олар: 

  • Роман Скляр – премьер-министрдің бірінші орынбасары;
  • Асқар Омаров – Ақпарат және қоғамдық даму министрі;
  • Қанат Мусин – Әділет министрі;
  • Ажар Ғиният – Денсаулық сақтау министрі;
  • Қайырбек Өскенбаев – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;
  • Әлібек Қуантыров – Ұлттық экономика министрі;
  • Дәурен Абаев – Мәдениет және спорт министрі;
  • Болат Ақшолақов – Энергетика министрі.

Министр қызметіне жаңадан тағайындалғандардың басым көпшілігі өзі басқаратын ведомствода лауазымды қызметте болғандар.

Атап айтсақ, Әлібек Қуантыров, Асқар Омаров, Қайырбек Өскенбаев, Ажар Ғиният өздері басшылыққа келген ведомстволарда бұған дейін вице-министр қызметінде отырған.

Марат Бекетаевтың орнына әділет министрі қызметіне жоғарғы сот судьясы Қанат Мусин тағайындалды. 

Энергетика министрлігіне бір кездері “ҚазМұнайГазды” басқарған Болат Ақшолақов келді.

Дәурен Абаевқа министр лауазымы таңсық емес. Себебі ол президент әкімшілігі басшысының орынбасары болмай тұрып ақпарат және қоғамдық даму министрлігін басқарған. 

Ал премьер Смайыловтың бұрынғы орны бірінші вице-премьер қызметіне Роман Скляр тағайындалды.

Қалған ведомство басшыларының барлығы өз орнында қалды. Олар:

  • Ералы Тоғжанов вице-премьер;
  • Ерлан Тұрғымбаев – Ішкі істер министрі;
  • Мұхтар Тілеуберді – Сыртқы істер министрі, вице-премьер;
  • Бақыт Сұлтанов – Сауда және интеграция министрі;
  • Юрия Ильин – Төтенше жағдай министрі;
  • Мұрат Бектанов – Қорғаныс министрі;
  • Серік Шәпкенов – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
  • Бағдат Мусин – Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
  • Ербол Қарашөкеев – Ауыл шаруашылығы министрі;
  • Асхат Аймағамбетов – Білім және ғылым министрі.

Қызметінен босаған министрлерден тек Аида Балаеваның президент әкімшілігі басшысының орынбасары болғаны белгілі. Мамин кабинетімен бірге кеткен басқа министрлердің қандай қызметке тағайындалғаны әзірге белгісіз.

5 қаңтарда Қазақстанда сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты наразылық өршіген тұста үкімет отставкаға кеткен болатын.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз