Татарстан президенті Тоқаевқа орден тақты

0
332
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Татарстан президенті Рустам Минниханов. Photo: Akorda.kz

11 ақпанда Қазан қаласына келген қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Татарстан президенті Рустам Минниханов «Дуслык» орденімен марапаттады. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.

Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылаған.

“Мұнда Қазақстан президенті ретінде келгеніме өте қуаныштымын. Сізбен елімізде бірнеше рет кездестім. Біз көптеген мәселе туралы, соның ішінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөнінде сөйлестік. Екіжақты ынтымақтастыққа негізделген маңызды жобаларымыз бар. Егер Қазақстан мен Татарстан басшылары саяси ерік-жігер танытатын болса, бұл жобалардың жүзеге асырылатыны сөзсіз”, – деді Тоқаев

Тоқаев Рустам Миннихановқа кеше Мәскеуде Ресей Президенті Владимир Путинмен жүргізген табысты келіссөзі туралы мәлімет берді.

Татарстан президенті Қазан қаласына сапармен келгені үшін Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.

“Біз үшін бұл – үлкен абырой. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстар аясында Сіздің еліңізбен ықпалдастықты нығайту мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан Республикасы үшін стратегиялық серіктес. Қазақстанның аймақтарымен көптеген келісім жасалған. Сіздің еліңізде табысты жұмыс істеп жатқан компанияларымызды көптеп мысалға келтіруге болады”, – деді Рустам Минниханов.

Қазақстан президенті 10 ақпанда жұмыс сапарымен Ресейге келген. Онда ол Владимир Путинмен кездесіп бірқатар құжатқа қол қойған. 11 ақпан Татарстан астанасына сапарлаған.

Бұл – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар көтерілісінен кейінгі шетелге екінші сапары. Мұның алдында ол Пекинге барып, қысқы олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан әрі Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездескен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз