Украина мәселесі: Байден мен Путин телефон арқылы екі сағат сөйлесті

0
289
АҚШ президенті Джо Байден және Ресей басшысы Владимир Путин. Photo: Denis Balibouse/Pool/AFP via Getty Images

Жексенбіде АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен сөйлесіп, Украина төңірегіндегі мәселені талқылады. Бұл жөнінде Ақ үй мәліметіне сүйенген Associated Press агенттігі хабарлады.

Басылым мәліметінше, келіссөз екі сағатқа созылған. Кремль жақында келіссөз туралы бастаманы Америка тарабының көтергенін хабарлаған. Ақ үйдің айтуынша, Путин дүйсенбі күні сөйлескісі келген, алайда Байден келіссөзді ертерек өткізуге көндірген.

Ақ үй хабарлауынша, президент Байден Путинге егер Мәскеу Украинамен жағдайды ушықтырса, Вашингтон жылдам әрі батыл әрекет ететінін ескерткен.

Екі ел басшысы Украина төңірегіндегі жағдай ушыққан шақта сөйлесіп отыр. Таяуда Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Ресей Украинаға Пекиндегі қысқы Олимпиада ойындары өтіп жатқан шақта басып кіруі мүмкін деп мәлімдеген.

АҚШ билігі жұма күні азаматтарына Украинадан екі тәулік ішінде жылдам кетуге кеңес берген. Ізінше мұндай нұсқаулықты Жапония, Ұлыбритания, Еуроодақтың бірқатар елдері, Австралия, Канада, Марокко, Израиль – барлығы 30 мемлекет әзірлеп жариялады. The Guardian басылымының жазуынша, Ұлыбритания Украинадан әскери инструкторларын эвакуациялайды. АҚШ мемлекеттік департаменті және Ресей сыртқы істер министрлігі дипломаттарының бір бөлігіне елден кетуге кеңес берген.

Сенбі күні Путин Франция президенті Эммануэль Макронмен де сөйлесті. Әңгіме бір жарым сағатқа созылған. Макрон кеңсесінің хабарлауынша, президент Путинге жағдайды ушықтыруға жол бермеу қажеттігін айтқан.

Кремль хабарламасында Ресей “Украинаға басып кіреді” деген “арандату сипатындағы спекуляция” талқыланғаны жазылған. Мәскеу әскери операцияға дайындықты түбегейлі жоққа шығарады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз