Тоқаев мақаласында шекара мәселесіне тоқталды

0
265
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласы жарық көрді.  Президент Тоқаев мақаласында ұлттық ұстанымдар, тарих пен тәуелсіздіктің келесі он жылдығында жүргізілетін идеологияға тоқталды. Сонымен қатар соңғы уақытта жиі қозғалған шекара мәселесі туралы да сөз қозғаған.

Тоқаев шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналғанын, оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмағанын жазады.  

“Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері “біз бұған асықпайық”, “кейін де келісуге болады” деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды”, – деді ол.

“Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді”, – деді Тоқаев.   

Жоғарыда айтқанымдай, шекарамыз толығымен шегенделді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді”, – деді президент. 

Осыған дейін Ресей мемлекеттің думасының  білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячислав Никонов “Большая игра” бағдарламасында “Қазақстан территориясы  – Ресейдің берген  сыйлығы”, – деген болатын. 

Көп ұзамай Ресей мемлекеттік думасының тағы бір депутаты Евгений Федоров Қазақстан халқын Ресей халқы, ал Қазақстанды сепаратистік аумақ деп атады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз