Тоқаев “мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы” жарлыққа қол қойды

0
306
Photo: gov.kz

14 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы” жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады. 

Президент баспасөз қызметінің мәліметінше, бюрократиядан арылтудың негізгі қағидаттары форма мәнінің басымдығын, бастапқы қалпы бойынша цифрландыруды, басқарушылық жауапкершілікті, үздіксіз жетілдіруді, регламенттеудің оңтайлылығын айқындайды.

Ақпаратқа қарағанда, жарлықта жүйелі және қолданбалы шаралар кешені қарастырылған. Оның жүзеге асуы мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатады, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттырады, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартады.

Атап айтқанда, жүктелген міндеттерді жылдам жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілерді өздерінің функцияларын заңнамалық деңгейде нақтылап жатпай-ақ қабылдауға құқық берілмек.

“Кешенді реинжиниринг негізінде норма шығару және бюджет үдерістерінің мерзімдері мен кезеңдері екі есе қысқарады. Сонымен қатар ведомстволық есеп беру ісін жүйелеу және автоматтандыру; ақпараттық жүйелерде бар мәліметтерді мемлекеттік органдардың сұратуына тыйым салынады; қағаз түріндегі құжаттарға бұрыштама соғу және олардың парақтарына алдын ала қол қою жойылады; өкілеттіктерді орта деңгейдегі басқару буынына беру; қашықтан жұмыс істеу үшін мемлекеттік органдардың басшыларын құралдармен қамтамасыз етіп, жағдай жасау және басқа да мәселелер қарастырылады”, – делінген хабарламада.

Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда, құжатта қамтылған шаралар түпкілікті нәтижеге әсер етпейді. Алайда мемлекеттік қызметшілерді қажетсіз рәсімдер мен үдерістерден босатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын мемлекеттік аппараттың тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз