Тоқаев: Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын БҰҰ бітімгерлік қызметіне қосуды қарастыру керек

0
277
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Photo: Akorda.kz

16 мамырда Мәскеуде өткен ҰҚШҰ саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін аталған ұйымды Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлік қызметіне қосуға шақырды.

“Қажет жағдайлардың бәрі бар, біздің ойымызша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлік қызметіне қосу мәселесін қарастыру керек”, — деп мәлімдеді Тоқаев.

Президент Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанның бастамасы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бас хатшысының бітімгерлікті дамыту бойынша арнаулы өкілі институты құрылған. Тоқаев үш минуттық сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі мен қару-жарақ тасымалына және заңсыз көші-қон мәселесіне тоқталды.

“Бұл мәселе бойынша біз Ауғанстандағы жағдайдың беталысына айрықша мән береміз. Ол елдегі тұрақсыздық пен қарулы топтардың белсенділігі біздің елдеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына бұрынғыша қатер төндіріп тұр. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қауіп-қатердің бәрін ескере отырып, Орталық Азияның оңтүстік аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуге тиіс деп есептеймін”, — деп мәлімдеді Тоқаев.

Қазақстан президенті қаңтар айында өзінің сұрауы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының біріккен контингенті Қазақстанға кіргенін айтқан жоқ, Украинадағы соғыс мәселесін де айналып өтті.

ҰҚШҰ саммиті Ресей әскерінің Украинадағы басқыншылығы тұсында өтіп отыр. БҰҰ Жоғарғы комиссарының басқармасы дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде Ресей әскері 24 ақпанда Украинаға шабуыл бастағалы бері 3668 бейбіт адамның қаза болғанын айтты. Оның 245-і – балалар. БҰҰ өлгендер мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін ескертті.

Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан әскери көмек сұраған. Мәскеу жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы екі мыңнан астам жауынгерін Қазақстанға кіргізген.

Қазіргі уақытта Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан мүше болып отыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз