Түптің-түбінде екі елдің бірігетіні анық – Айдос Сарым

0
85
ашық дереккөз

Белгілі саясаткер Айдос Сарым kazaknews.kz тілшісіне берген сұхбатында Оңтүстік пен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасы, Ким Чен Ынның ұстанған саясаты сондай-ақ Оның Қос Корея саммитінен бас тартуы мен кешегі АҚШ-КХДР саммитіне қатысудан бас тартамыз деген қоқаң-лоққысы, Солтүстік Кореядағы ядролық қару мәселелеріне қатысты пікір білдіріп, АҚШ пен Солтүстік Корея арасында өтетін саммиттен кейін барлық мәселе шешіле қоймайтынын, дегенмен, бір-біріне деген құлшынысы, ұмтылысы артып тұрған қос кәріс мемлекеттерінің түптің-түбінде бірігетінін жобалады.


Ким Чен Ын жұрт ойлағандай әумесер немесе ақымақ адам емес екені айқын. Ол өзінің есебін жақсы біліп, сезініп отыр. Осы келіссөздердің алдында өзінің мүмкіндіктері мен әлеуетін арттырғысы келеді. Соңғы кездердегі керағар пікірлерді айтуының өзі де оған деген сұраныстың, ұсыныстың артуына алып келеді. Оның соңғы уақыттардағы көрсетіп жүрген іс-әрекеттері мемлекет аралық келіссөздер алдындағы «келіссөз позициясын» күшейту мақсатында жасалып отырған дүниелер деп есептеймін.

Дал қазір бүкіл мәселе шешіледі немесе алдағы уақыттағы Сингапурдағы кездесуден кейін барлығы керемет болады деп ойламаймын. Қанша дегенмен әр елдің саяси мәдениеті, элитасы қалыптасты. Бірақ, түптің-түбінде екі елдің бірігетіні анық. Ол екі мемлекетті саясат пен идеология бөлді. Бірақ, олар екі жақа бөлініп қана кеткен бір ұлт.

Бір-біріне деген құлшынысы, ұмтылысы бар сияқты. Осыны қалай іске асырады, қай жолмен іске асырылады деген мәселеде ең дұрысы, бейбіт жолмен ақырындап жақындасып, ең бастысы шекараны ашып екі елдің арасындағы қарулы теке-тіресті жою. Осы ретте екі ел арасында бейбіт келісім пайда болатын болса, оған қол жеткізілетін болса, онда ол экономикалық, әлеуметтік және басқа да адами мүмкіндіктерді ашады. Себебі екі елдің ара-қатынасы өте қиындап кеткені, бөлінген туыстардың бір-бірімен табыса да көрісе де алмайтындығы баршамызға аян. Шын мәнінде екі ел бірігетін болса, ол Кореяның дамуына жақсы мүмкіндік береді. Ол адам ресурстарын көбейтеді. Қалай болғанда да мәселенің ең бастысы, ядролық қарусыздандыру. Осы мәселе шешілетін болса екі елдің арасындағы бір-біріне жаулығы азаятын болса кім біледі, бәлкім болашақта осы екі кәріс мемлекеті басшыларының арасынан тағы бір Нобел сыйлығының лауреаттарын көріп қалатын шығармыз.

Ядролық қару мәселесінде, өздерін жау мемлекеттерден қорғау мақсатында жасаған ядролық қару мен зымыран тасығышты жасап шығаруда кәрістер жақсы болсын жаман болсын өзінің потенциалы бар екенін дәлелдеді. Бүкіл әдлемдік изоляция дәрежесінде санкцияланған жағдайдың өзінде ядролық қарудың алғышарттарын жасады. Оны сынақтардан өткізді. Осының өзі кәрістердің потенциалы бар екенін және өзін-өзі қорғауға деген үлкен шешімі бар екенін көрсетті. Бұл сөзсіз үлкен фактор болып есептеледі. Ядролық қару тұрғысында Кореяға айып тағу немесе тағы да басқа шаралар қолдану оңай шаруа, дегенмен, кәрістердің мүддесін де есептеу қажет.

Сұхбаттасқан kazaknews.kz тілшісі Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз