Украина Қазақстанға жаңа елші жібереді

0
145
Украина. Photo:ria.ru

Украина жақын арада Қазақстанға жаңа елші тағайындайды. Бұл туралы Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.  

Смадияров Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің елде “жағымсыз мәртебесі” бар екенін айтып, сыртқы істер министрлігі немесе өзге мемлекеттік мекемелерде онымен кездесу жоспарланбағанын айтты. Смадияров Врублевскийдің Украина жағының өтініші бойынша қызметінен кететінін айтты.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. Photo: MFA Qazaqstan

Қазақстан СІМ бұған дейін  “Врублевский мырзаның арандатушылық мінез-құлқына қатысты принципті ұстанымын” жеткізді деген Смадияров Украина тарабынан Врублевскийдің орнына “жаңа елші тағайындау туралы өтініш” келіп түскенін айтты.

“Қазіргі уақытта Украина СІМ министрлігінен жаңа елші тағайындау туралы өтініш келіп түсті. Бұл өтініш қаралып жатыр. Украина тарабымен осы мәселе бойынша бізде толық түсіністік бар және екі жақтан да барлық келісімдер орындалды” деді Айбек Смадияров.

Қазақстан СІМ тамыз айында Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің ресейліктер мен соғыс жайлы айтқан пікіріне қарсылық білдірген еді. Сыртқы істер министрлігі мұндай мәлімдеме шетел елшісінің қызметіне лайықсыз және орынсыз деп есептейтінін жеткізген. Кейін Врублевскийдің Қазақстаннан кеткені хабарланған. Бірақ оның елден кетуінің себебі айтылмады.

Ресей ақпан айында Украинаға басып кірген. Содан бері екі жақтан да мыңдаған адам қаза болды. Қыркүйек соңында Путин Украинаның төрт облысын аннексиялағаны туралы мәлімдеген. Ал Украина мен халықаралық қауымдастық Ресейдің әрекетін айыптап, Украинаның Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье облыстарын Украина аймағы ретіде тани беретінін мәлімдеген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз