24 тамызда Токио 2020 Паралимпиада ойындары басталады

0
219
Photo: FRANCK ROBICHON EFE

24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Жапония астанасы Токиода XVI Паралимпиадаға еліміздің атынан 7 спорт түрінен 25 пара спортшы аттанады. Бұл туралы спорт министрлігі хабарлады.

Қазақстан өз тарихында Токиодағы Паралимпиадаға ең көп спортшы апарады.

Жапония ұлттық стадионында өтетін салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің Туын таеквондодан екі дүркін Әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, Еуропа чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Нұрлан Домбаев пен пауэрлифтингтен Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева ұстайды.

фото: qazaquni.kz Раушан Қойшыбаева
фото: zh-shugylasy.kz Нұрлан Домбаев

Аталған жолдамалардың жетеуі – суда жүзуден, алтауы – дзюдодан, бесеуі – пауэрлифтингтен, үшеуі – таеквондодан, екеуі – жеңіл атлетикадан. Сонымен қатар отандық спортшылар алғаш рет каноэде ескек есу мен оқ атудан жолдама иеленді.

Биыл Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алтыншы рет Паралимпиадаға қатысады. Осыған дейінгі көрсеткіштер төмендегідей: Қазақстан атынан 1996 жылы Атлантадағы Паралимпиадаға – 12, 2000 жылы Сиднейге – 2, Афинаға – 8, Бейжіңге – 3, Лондонға – 7, Рио-де-Жанейроға – 10 спортшы барған. Қазақстандық атлеттер Риодағы Паралимпиада алғаш рет жүлде алды. Бразилия төрінде Зульфия Габидулина чемпион атанса, Раушан Қойшыбаева күміс жүлдеге ие болды.

Паралимпиада бәсекелерін Токиода XXXII жазғы Олимпиада жарыстары өткен дәл сол спорт нысандары қабылдайды. Жалпы Токиодағы Паралимпиадада 136 мемлекеттен 4400-ге жуық спортшы 22 спорт түрінен сынға түседі.

Биылғы төрт жылдықтың басты додасына бадминтон мен таеквондо спорты жаңадан қосылды. Еліміздің атынан 3 таеквондошы жүлде үшін таласса, бадминтоннан спортшы апармаймыз. Бұл екі спорт түрі кейінгі жылдары кенжелеп қалған желкенді кеме жарысы мен шағын футболды ауыстырады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз