Футболдан Катарда өткен әлем кубогының финалында Аргентина құрамасы Францияны пенальти арқылы жеңіп, әлем чемпионы атанды. Осылайша әлемнің үздік ойыншыларының бірі 35 жастағы Леонель Месси әлем кубогында топ жарып, арманына жетті. 

ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ФИНАЛЫ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Финалдың басынан-ақ Аргентина басымдықты қолға алып, Францияның айып алаңында бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастыра алды. Сондай сәттің бірінде франциялық қорғаушылар айып алаңда аргентиналық Анхель Ди Марияны шалып жығып, төреші 11-метрлік пенальти белгіледі. Пенальти тепкен Месси мүлт кеткен жоқ. Ал 36 минутта Ди Марияның өзі Уго Льорис қорғаған қақпадан саңылау тапты.

Аргентина ойыншыларының қуанышы. Photo: Fifa.com

Матчтың 64-минутында Аргентина бас бапкері шабуылшы Ди Марияны қорғаушы Маркос Акуньяға алмастырып, қорғанысты мығымдады. Бірақ бұл шешімнен пайда болған жоқ.

78 минутта аргентиналық қорғаушы Николас Отаменди айып алаңында француз Коло Муаниді шалып шығып, төреші Аргентина қақпасына пенальти белгіледі. Франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе қиыс кеткен жоқ. Араға екі минут салып, сол Мбаппе Аргентина қақпасына екінші голды салып, есепті теңестіріп кетті.

Францияның шабуылшысы Килиан Мбаппе. Photo: Fifa.com

Бұл есеп 90-минутқа дейін өзгермей, финал қосымша уақытқа ұласты. Экстра таймның 109-минутында Месси тағы бір гол салып, Аргентинаны алға шығарды. Бірақ 118 минутта Мбаппе есепті тағы теңестірді. Бұл есеп ойын соңына (120 минутқа) дейін өзгерген жоқ.

Ойыннан кейінгі пенальти сериясында Аргентина төрт гол салса, аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинез франциялықтардың екі пенальтиін қайтарды. Осылайша әлем бұл финалда экстра таймды да, қосымша уақытты да көрді.

Аргентина – әлем чемпионы. Аргентиналықтар қуаныштан, франциялықтар өкініштен көздеріне жас алды.

2018 жылы әлем чемпионы атанған Франция құрамасы бұл жолы күміс медаль иеленеді.

Ал Франция, Испания чемпионатын; Чемпиондар лигасын; Оңтүстік Америка кубогын; Алтын доп жеңген Месси жүлделер коллекциясына әлем кубогының алтынын да қосты. 35 жастағы футболшы 2026 жылғы әлем кубогына қатысар-қатыспасы белгісіз. Бірақ қазірдің өзінде Мессиде кез келген футболшы армандайтын жүлденің бәрі бар.

АРГЕНТИНА БҰЛ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫН ҚАЛАЙ ӨТКІЗДІ?

Әлем кубогы алдында сарапшылар мен аналитикалық орталықтар Аргентинаны Бразилиядан кейінгі әлем чемпионатының фавориті ретінде санаған. Бірақ аргентиналықтар турнирдің алғашқы матчында Сауд Арабиясынан жеңіліп қалған еді. Дегенмен Месси бастаған команда тез ес жиып үлгеріп, топта Польша мен Мексиканы 2:0 есебімен жеңді де, топтан бірінші орынмен шықты.

Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси. Photo: Fifa.com

1/8 финалда Аргентина Австралиядан 2:1 есебімен басым түскен, ал ширек финалдағы Нидерланд құрамасымен өткен ойын Аргентинаға бұл біріншіліктегі ең қиыны болды. Екі ел жеңімпазды пенальти арқылы анықтаған еді. Ал жартылай финалда Хорватияны еш қиналмай 3:0 есебімен жеңді.

Бұл әлем чемпионатында қола медальды Хорватия иеленді. Олар қола медальға таласта Мароккодан басым түсті – 2:1.

Келесі әлем кубогы 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтіп, алғаш рет бұл турнирде 48 елдің құрамасы қатыспақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз