Аргентина Хорватияны жеңіп әлем кубогінің финалына шықты

0
86
Хорватия қақпасына гол соққан аргентиналықтардың қуанышы. Photo: Fifa.com

14 желтоқсанға қараған түні (Астана уақытымен) Катардағы әлем кубогында Аргентина құрамасы жартылай финалда Хорватия құрамасын 3:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. Әлем футболының жұлдызы Леонель Месси әлем чемпионы атануға екінші рет талпынып көрмек.

Аргентина лидері 35 жастағы Месси, осы елдің 22 жастағы үміті Хулиан Альварес және алаңға шыққан тағы тоғыз аргентиналық еш қиындықсыз финалға өтті.

Аргентина-Хорватия матчының 34 минутында Месси пенальтиден есеп ашса, 39 минутта Альварес есепті еселеді. Ал 69 минутта Месси шығарған әдемі пастан Альварес тағы бір гол салды. Хорватия құрамасы 90 минут бойы Аргентина қорғанысынан саңылау таба алмады.

Допқа талас. Photo: Fifa.com

Осылайша Аргентина құрамасы тарихта алтыншы рет әлем чемпионатының финалына шықты (Бұл көрсеткіш бойынша Германия алда тұр – 8 рет). Аргентиналықтар 1978 және 1986 жылы Марадонамен бірге екі рет әлем чемпионы атанған еді. 36 жылдан бері Аргентинаға әлем кубогы арман болып келеді.

Допқа талас. Photo: Fifa.com

Бұрыштамада тұрған Месси. Photo: Fifa.com

Дубль авторы Хулиан Альварес. Photo: Fifa.com

2014 жылы Рио-де-Жанейродағы әйгілі “Маракана” стадионындағы финалда Месси бастаған аргентиналықтар Германияға есе жіберіп алған еді. Енді араға сегіз жыл салып, Месси әлем чемпионы атағын алуға талпынып көрмек. Аргентина футболының жұлдызында қазір әлем чемпионы деген атақ қана жоқ. Бұған қоса, Катардағы жарыс жасы келіп қалған Месси үшін футболшы ретінде соңғы әлем кубогы болуы мүмкін.

Аргентина құрамасының қарсыласы 14 желтоқсанда Франция мен Марокко арасындағы матчта анықталады.

Хорватия құрамасы Франция мен Марокко арасындағы матчтың жеңілгенімен қола медальға таласады. Хорваттар 2018 жылғы әлем чемпионатының финалында Франциядан жеңілген еді.

Аргентина жанкүйерлері. Photo: Fifa.com

Аргентина құрамасы әлем кубогының басында Сауд Арабиясынан жеңіліп қалғанда көптеген жанкүйер аргентиналықтардың турнирдегі жолына күдікпен қараған. Бірінші матчта жеңілгенімен Аргентина енді әлем кубогының бас матчында доп теппек.

Ал Месси бір өзі бұл чемпионатта бірнеше рекорд орнатты. Мәселен, ол өзі қатысқан әлем кубогы жарыстарында 11-гол салып, Аргентина құрамасының рекордын жаңартты. Сондай-ақ әлем кубогында 25-матч ойнап, германиялық Лотар Маттеустың рекордымен теңесті. Мессидің әлі біраз рекорд жаңартуға мүмкіндігі бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз